Түркістан облысында ел экономикасына серпін беретін ірі жобалар жүзеге асырылуда. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, импортты азайту және экспортты ұлғайту мақсатында ауқымды жұмыс басталып, облыс экономикасының өндірістік әлеуетін арттыру көзделуде. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте осы мәселелер кеңінен талқыланды.
Облыс басшысы өндіріс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығында терең өңдеуді дамытып, отандық нарықты толық қамтуға басымдық беру керектігін атап өтті. «Жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының әлеуеті өте жоғары. Осы салаларды терең зерделеп, шынайы мүмкіндіктерді пайдаланып, тиісті жобалар әзірлеу қажет. Алдағы уақытта импортты алмастыру мен экспортты ұлғайтуға мүмкіндік көп. Бұл бағытта жұмыстарды жандандырып, жобаларды іске асыру маңызды», – деп тапсырма берді облыс әкімі.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің мәліметіне сүйенсек, өңірде импортты алмастыратын 6 сала және 31 өнім бойынша талдау жүргізілген. Олардың ішінде 65 ірі инвестициялық жоба жоспарланған, оның жалпы құны 707 миллиард теңгені құрайды. Жобалардың іске асуы кезең-кезеңімен 2025-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын болады. Бұл жобалар ішкі нарықты қамтуға ғана емес, экспорт көлемін ұлғайтуға да мүмкіндік береді.
Түркістан облысының өндіріс орындары алдағы уақытта алюминий профильдерімен елімізді толық қамтуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, жиһаз өндіретін кәсіпорындар ашылып, отандық нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортты арттыру жоспарлануда. Ал «Жасыл Суық Қазақстан» компаниясы өнеркәсіптік тоңазытқыштар құрылғыларын өндіруді бастап, импорт көлемін 48 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы саласында да тың жобалар қолға алынуда. Облыс бойынша сүтті терең өңдеу, ет экспортын арттыру, құс шаруашылығын дамыту, көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығын арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында бірқатар жобалар іске асырылады. Бұлардың барлығы облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға, сондай-ақ отандық нарықтағы өнім сапасын арттыруға ықпал етеді.
Жобалардың іске асуы өңірдің экономикалық дамуына үлкен серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызады. Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, экспорт көлемін ұлғайту арқылы өңір экономикасы тағы бір қадам алға жылжиды.
Облыс әкімдігі тарапынан бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылып, жобалардың жүзеге асуы үшін қажетті инфрақұрылымдық қолдау көрсетілетін болады. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге және инвесторларға қосымша жеңілдіктер мен мүмкіндіктер ұсынылмақ.



