Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық іс-шаралары үздіксіз жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісінде осы бағыттағы жұмыстар талқыланды. Әкімдік бекіткен жол картасы бойынша 88 іс-шара жоспарланып, олардың 38-і тұрақты түрде іске асырылуда.
Мәжілісте облыс әкімі жұмысты тиісті деңгейде атқармаған аудан және қала басшыларына ескерту беріп, тазалық шараларын күшейтуді тапсырды. Нұралхан Көшеров бұл жұмыстың тек сенбіліктермен шектеліп қалмауын, формальді есептердің қажет емес екенін, тазалық іс-шараларын сапалы және тұрақты түрде жүргізу керектігін атап өтті.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, өңірде апталық сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп келеді, бірақ бірқатар аудандар мен қалаларда экологиялық мәдениет қалыптастыру, азаматтық белсенділікті дамыту бағытындағы жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмеген. Сонымен бірге, жағажай иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізу және заң талаптарын бұзған жағдайда айыппұл салу қажеттігі айтылды.
Жергілікті тұрғындар мен демалушыларға ыңғайлы болу үшін демалыс аймақтарында қоқыс контейнерлерінің санын арттырып, тазалық ережелері көрсетілген ақпараттық тақтайшалар мен баннерлер орнату тапсырылды. Алдағы уақытта жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, демалыс аумақтарында рейдтік іс-шаралар өткізіліп, бейнебақылау камераларын орнату міндеті қойылды.
Биыл қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды бұзған 13 757 адамға хаттама толтырылып, жалпы сомасы 328,4 млн. теңге айыппұл салынды. Соның 181,2 млн. теңгесі өндірілді. Алайда, ауылдық округтерде бей-берекет қоқыс мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып тұр. Түркістан, Кентау қалалары мен Түлкібас, Шардара, Сауран аудандарында заңсыз қоқыс орындарының көптігі байқалуда. Осыған орай, облыста демалыс аумақтарында рейдтер өткізіліп, 184 заңсыз күл-қоқыс орны анықталды.
Жол картасында бекітілген іс-шаралардың сапалы орындалуы облыс әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауға алынатын болады.



