Түркістан қаласында жол инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік нысандардың сапасын арттыру, өнеркәсіп пен инвестициялық жобаларды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биылдың өзінде шаһарда 159 көшеге жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін жалпы ұзындығы 44,6 шақырымды құрайтын 41 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде 2024 жылы қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 50,3 пайызға жетсе, 2025 жылдың қорытындысымен бұл көрсеткішті 66,7 пайызға жеткізу көзделуде.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының мәлімдеуінше, қалада инфрақұрылым саласында оң өзгерістер байқалуда. Бүгінде шаһар 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Табиғи газбен қамту көрсеткіші 98 пайызды, электрмен қамту – 99,5 пайызды, ал кәріз жүйесімен қамтылу деңгейі 36,5 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіштерді арттыру мақсатында жүйелі жобалар қолға алынған.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті де қарқынды дамуда. Жыл басынан бері Түркістанның жалпы өңірлік өнімі 159,5 млрд теңгеге жетіп, жан басына шаққанда 663,5 мың теңгені құрады. Өнеркәсіп саласында 40 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, соның 25 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Құрылыс жұмыстарының көлемі 299,3 млрд теңгені құрап, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 434,6 мың шаршы метрге жеткен. Сауда айналымы 157,9 млрд теңгені құраса, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 490 млрд теңгені құрап отыр.
Қаладағы арнайы экономикалық аймақта бүгінде 9 ірі жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар аясында 2956 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар, индустриалды аймақта жүзеге асырылған 23 жоба бойынша 961 адам жұмыспен қамтылды. Жоспарланған жобалар негізінде отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен бірқатар ірі өндіріс орындары ашылуда.
Туризм саласы да қала экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Түркістанға келген туристер саны 1,1 миллион адамды құраса, соның ішінде 23,2 мың адам – шетелдік қонақтар. Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 61,9 млрд теңгеге жеткен. Қалада «Қолөнершілер қалашығы», «Күлтөбе қалашығы», аквапаркі бар қонақ үй кешені секілді туристік нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Білім және денсаулық сақтау салалары бойынша да нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Биыл 12 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, 4 мектепке күрделі жөндеу, 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жеке инвестиция есебінен 27 мың тұрғынға қызмет көрсететін жаңа емхана мен оңалту орталығының құрылысы қолға алынған.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, қалада жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жоспарға сай орындалып келеді. Жақында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Тәуке хан даңғылы бойында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен арнайы танысты. Жалпы ұзындығы 5,1 шақырым болатын бұл жолда қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. 3,8 шақырым аумақта құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары жақында толықтай аяқталады деп жоспарлануда.
Жол жөндеу барысында ескі асфальт жамылғысы толық алынып, орнына ірі және ұсақ түйіршікті жаңа асфальт төселіп жатыр. Бұл жұмыстар қазіргі заманғы құрылыс стандарттарына сай атқарылуда. Жол сапасын арттыру және ұзақмерзімділікті қамтамасыз ету – басты назарда. Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында негізгі даңғылдар бойындағы жол белгілері жаңартылып, қиылыстар мен кірме жолдар да назардан тыс қалмаған.
Қала әкімі мердігер мекемелерге жұмыстарды сапалы және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Түркістан қаласы бүгінде тек тарихи орталық ретінде емес, заманауи инфрақұрылыммен жарақталған, қарқынды дамып келе жатқан мегаполиске айналып келеді.



