Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Түркістан облысында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта Төлеби ауданында да жүйелі шаралар қолға алынған. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Төлеби ауданына іссапармен барып, тазалық жұмыстарын өз көзімен көріп, олардың барысын бақылап қайтты.
Іс-шараға 130 адам қатысып, екі арнайы техника жұмылдырылды. Тазалық жұмыстарының аясында 6,5 шақырым өзен бойы мен 12 шақырым аудандық маңызы бар жолдар тазаланып, нәтижесінде 7 тонна күл-қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – ауданның табиғатын таза ұстау, қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсарту болып табылады.
Зұлпыхар Жолдасов тазалық мәселесін көтере отырып, осы бағытта аудан тұрғындарының жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті. Ол:
– «Төлеби ауданы – табиғаты көркем, экологиялық әлеуеті жоғары өңір. Бұл аймақты таза ұстау – тек аудан тұрғындарының ғана емес, бүкіл облыс жұртшылығының ортақ міндеті. Сондықтан бүгінгі бастама – әрбір азаматтың табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын, патриоттық рухын танытатын нақты қадам деп білеміз. Бүгін аудан бойынша тазалық жұмыстары, қоқыс шығару, өзен-көлдерді тазарту сынды бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл – тек бір күндік науқан емес, ұзақ мерзімді, жүйелі жұмыстың бір бөлігі болуы тиіс. Сондықтан да біз барша азаматтарды, мекемелер мен ұйымдарды, әсіресе жастарды осындай игі бастамаларға белсенді қатысуға шақырамыз», – деп атап өтті.
Зұлпыхар Сансызбайұлы абаттандыру жұмыстарына қатысты қатаң бақылаудың қажет екенін айтты. Осыған байланысты жыл басынан бері абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша 195 хаттама толтырылып, 130 ескерту берілген. Сонымен қатар, 3 027 640 теңге айыппұл салынып, оның 2 319 880 теңгесі өндірілген.
Ал ортақ пайдаланылатын орындарды ластау бойынша 447 хаттама толтырылып, 11 363 480 теңге әкімшілік айыппұл салынған. Оның 6 861 340 теңгесі қазіргі таңда өндірілген.
Бұл жұмыстар Төлеби ауданының тазалығын сақтау және экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді жобалардың бір бөлігі ғана. Сондай-ақ, келешекте мұндай шаралар тек ауданның ғана емес, бүкіл облыстың тұрғындарының тұрақты қатысуымен жүзеге асырылып, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға ықпал ететін болады.



