«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыс орталығында кезекті жалпықалалық сенбілік өтті. Қала аумағын абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге бағытталған шараға 800-ге жуық тұрғын мен қызметкер қатысып, өңір экологиясын жақсартуға өз үлестерін қосты.
Тазалық жұмысына Түркістан қаласы әкімдігінің дербес бөлімдері, 6 сектордың қызметкерлері, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің өкілдері жұмылдырылды. Сонымен қатар сенбілікке 4 арнайы техника тартылып, қоқыс шығару жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылды.
Бұл жолғы сенбілік 1-2 мөлтек аудандарының аумағында өтті. Іс-шара барысында қала көшелерінің бойы мен аяқ жолдар сыпырылып тазаланды, шөптер шабылып, жиналған өсімдік қалдықтары арнайы орындарға жеткізілді, көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері қоқыстардан аршылды, жалпы көлемі 5 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды.
Түркістан қаласы әкімдігінің мәлімдеуінше, қоршаған ортаны қорғау, санитарлық талаптарды сақтау және экологиялық мәдениетті көтеру бағытындағы осындай сенбіліктер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп отырады.
– Қала тазалығы – тек коммуналдық қызметтің емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Қоршаған ортаны таза ұстау арқылы біз жас ұрпаққа жарқын болашақ қалдырамыз, – дейді сенбілікке қатысқан қала белсенділері.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы – еліміздің барлық өңірінде өткізіліп жатқан ауқымды экологиялық бастама. Ол халықтың табиғатқа жанашырлықпен қарауын, қоғамдық сананы қалыптастыруды және экологиялық жағдайды жақсартуды мақсат етеді.



