Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Жетісай ауданында кең көлемде жалғасын табуда. Жуырда өткен сенбілік жұмыстарына 3 мыңға жуық тұрғын белсене қатысып, аудан аумағын күл-қоқыстан тазартуға атсалысты.
Шараға мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ерікті жастар мен экологиялық бастамаларға бейжай қарамайтын белсенді азаматтар қатысты. Тазалық жұмыстарына 24 арнайы техника жұмылдырылып, 30 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарға шығарылды.
Сенбілік жұмыстары аудан шекарасынан бастап ауылдық округтер мен елді мекендердің кіреберіс аймақтарын, қала көшелерін, көпқабатты үйлердің аулаларын, саябақтарды, скверлер мен аллеяларды, сондай-ақ тұрғындар көп шоғырланатын аумақтарды қамтыды. Қатысушылар шөп шауып, қураған бұталарды кесіп, ағаштарды ретке келтірді.
Экологиялық шараның басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімді нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар, бұл бастама елдімекендердегі санитарлық ахуалды жақсартып, келер ұрпаққа көрікті, таза аймақ қалдыруды көздейді.
Аудан тұрғындары мұндай бастамаларды қолдай отырып, табиғат пен туған жерге жанашырлық танытудың маңызын іс жүзінде көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.



