Келес ауданында орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінде аудандағы 83 елді мекеннің 64-і таза ауыз сумен толық қамтылған. Бұл көрсеткіш аудан халқының 88,4 пайызы сапалы ауыз суға қол жеткізгенін білдіреді. Ал қалған 19 елді мекенде ауыз су жүйесі әлі толық жүргізілмеген.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен жиында елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары мен осы бағыттағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Жиын барысында сала мамандарының есебі тыңдалып, тиісті тапсырмалар жүктелді.
Қазіргі таңда 19 елді мекеннің 14-інде құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақжол, Қауыншы Оңтүстік, Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Қосөткел, Жуантөбе, Жаңадәуір, Кеңдала, Ескіқорған, Құйған, Қияжол, Көгерту және Ақжар ауылдарында қажетті жұмыстар қолға алынған.
Жаз мезгілінде су тұтыну көлемінің артуына байланысты Абай ауылындағы кейбір мөлтек аудандарда ауыз су тапшылығы орын алған болатын. Бұл мәселені уақытша шешу үшін арнайы бекітілген кестеге сәйкес су тасымалдау көліктері арқылы тұрғындарға ауыз су жеткізіліп жатыр. Сонымен қатар Абай ауылындағы төрт аумақта орналасқан су тазартатын модульдік құрылғылар күрделі жөндеуден өтіп, толығымен іске қосылды. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары осы нүктелерден қауіпсіз әрі сапалы ауыз суды еркін тұтынып отыр.
Ауыз су мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған «Түркістан облысы Келес ауданы елді мекендері үшін су жинау имараты мен жеткізуші су құбырларының құрылысы» жобасы әзірленуде. Жоба аясында Алпамыс батыр ауылдық округінде төрт гектар аумақта 20 мың текше метрлік су қоймасын, ал Біртілек ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде бір гектар жерге 600 текше метрлік су қоймасын салу жоспарланып отыр.
Ауқымды жобаның нәтижесінде 25 мыңнан астам тұрғынды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көзделуде. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, өңірдегі инфрақұрылымды дамытуға елеулі үлес қосады.



