Түлкібас ауданында экологиялық тәрбие мен қоғамдық белсенділікті арттыру мақсатында кезекті жалпыаудандық сенбілік өтті. Аталған шараға Жабағылы ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері мен аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдердің мамандарынан құралған 250-ге жуық адам қатысты.
Сенбілік барысында ауыл ішіндегі көшелер мен мекеме аумақтары ретке келтіріліп, қоқыс қалдықтары арнайы техникамен полигондарға шығарылды. Әсіресе туристер жиі келетін демалыс аймақтарының тазалығы басты назарға алынды.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясына үн қосу аясында өткен бұл игі бастама өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мен табиғи сұлулығын сақтау мақсатында жүзеге асырылды. Мұндай сенбіліктер тек санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге ғана емес, қоғам мүшелерінің табиғатқа жанашырлықпен қарауын қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетейік, аудан әкімдігі тарапынан экологиялық мәдениетті көтеру, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау және өңір аумағын абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.



