2025 жылы Шардара ауданында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында бірқатар жүйелі жұмыстар қолға алынды. Аудан аумағындағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 603 шақырымнан асады. Оның 165 шақырымы – облыстық, 58 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар болса, 380 шақырымы – елді мекен көшелері мен ішкі шаруашылық жолдары.
Ағымдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 528,2 миллион теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 12,6 шақырымды құрайтын 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстарын «Строительная компания Строймонтаж» ЖШС атқарды, техникалық қадағалаушы – «Bereke Ekspert» ЖШС. Қазіргі таңда нысандарды қабылдау шаралары жүзеге асып жатыр.
Сонымен қатар, Жаушықұм–Қалғансыр бағытындағы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын аудандық жолға орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл нысан 2026 жылға өтпелі жобалар қатарына енгізілген.
Одан бөлек, Шардара қаласының өзінде де көше инфрақұрылымы жаңаруда. Биылғы жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 9,4 шақырым болатын 12 көшеге орташа жөндеу жүргізілмек. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүріп жатыр. Бұл нысан да 2026 жылға өтпелі жоба ретінде қарастырылуда. Сонымен қатар, ұзындығы 3,1 шақырымды құрайтын №26 көше мен демалыс аймағына баратын жолға тас төсеу жұмыстары атқарылуда.
Айта кету керек, 2025 жылдың мамыр айында аудан аумағындағы жолаушылар көлігі толық жаңартылды. Бұған дейінгі ескі 13 автокөлік заманауи үлгідегі «Газель» маркалы шағын автобустармен ауыстырылды. Қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстары 100 пайыз орындалды.
Шардара ауданында көлік және жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Бұл жобалар аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуге бағытталған.



