Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің өңірдегі аудан, қалаларға жұмыс сапары жалғасуда. Бұл жолы өңір басшысы Кентау қаласына барып, бірқатар өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, қала активімен кездесу өткізді. Сапар барысында Кентауды дамыту жолдары кеңінен талқыланып, нақты тапсырмалар жүктелді.
Алдымен облыс әкімі қаладағы құрылыс алаңдары мен индустриалды аймақтың жұмысымен танысты. Қазіргі таңда индустриалды аймақтың әлеуеті жоғары болғанымен, инвестор тарту жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқаны сынға алынды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
– Жол картасы аясында биылға жоспарланған 10 жобаның 3-еуі ғана іске асырылған. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Салалық басқармамен бірлесіп ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесін қайта қарап, нақты жұмыстар жүргізу қажет. Сонымен қатар, халықты табиғи газбен қамту бойынша да жұмысты күшейту керек. Газ нысандарының құжаттарын заңдастырып, оларды тиісті мекемелердің теңгеріміне өткізу қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Актив мәжілісінде қала әкімі Жандос Тасов атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Сонымен қатар, басқарма басшылары өз салаларына қатысты кездескен мәселелерді атап өтіп, оларды шешу жолдарын ортаға салды. Облыс әкімі тиісті басқармалар мен әкімдікке нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қаладағы тазалықты күшейтуді тапсырды. Барлық тапсырмалар хаттамаға енгізілді.
Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында Кентау қаласында жалпы өнім көлемі 41,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 113,5% өсімді көрсетіп отыр. Қалалық бюджеттің кірісі – 9,4 млрд теңге. Жеке табыстар жоспары 2,1 млрд теңге болса, нақты орындалуы 2,4 млрд теңгені немесе 111,6%-ды құрады.
Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 11,4 млрд теңге деп жоспарланса, нақты көрсеткіш 12,3 млрд теңгеге жетіп, оң өсім байқалды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі де 27,6 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,2 млрд теңгеге артқан.
Аймақ басшысы жиын соңында Кентаудың даму әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, қолдағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажеттігін баса айтты. Инвестициялық жобаларды іске асыруда депутаттар мен жергілікті басқару органдарының бірлесе жұмыс істеуі маңызды екенін жеткізді.



