Түркістан облысы – еліміздің экологиялық тұрақтылықты сақтауға, санитарлық тәртіпті нығайтуға және қоршаған ортаны қорғауға басымдық беріп отырған өңірлерінің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдарының үйлесімді іс-қимылы арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Осы ретте республикалық «Таза Қазақстан» акциясының аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар Келес ауданында нақты нәтижелерін беруде. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тазалық сақтау талаптарын күшейту және қоғамдық тәртіпті нығайту – бұл акцияның басты міндеттері.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Келес ауданында абаттандыру және санитарлық тазалық талаптарын бұзу деректері бойынша 330 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабына сәйкес 269 құқықбұзушылық анықталып, жалпы сомасы 7 097 260 теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл қаражаттың 3 313 168 теңгесі нақты өндіріліп, мемлекеттік бюджетке түсті. Қалған сома бойынша өндіріп алу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, аталған кезеңде 505-бап негізінде 61 құқықбұзушылық тіркеліп, оның 38-іне ескерту берілді, 23 тұлғаға 1 238 580 теңге көлемінде айыппұл салынды. Осы соманың 648 780 теңгесі толық өндірілді. Жалпы алғанда, жыл басынан бері тазалыққа қатысты тәртіп бұзған азаматтарға 8 миллион теңгеден астам айыппұл салынып отыр. Бұл көрсеткіштер атқарылып жатқан шаралардың пәрменділігін көрсетіп қана қоймай, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға серпін беруде.
Аудан көлемінде жүргізілген тазалық акциялары аясында көшелер, қоғамдық орындар, мекемелер аумағы санитарлық талаптарға сай тазартылды. Білім беру ұйымдарында, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда экологиялық тәрбие беру жұмыстары жандандырылып, тұрғындар арасында түсіндіру шаралары жүргізілуде.
Келес ауданында жүзеге асып жатқан жұмыстардың барлығы Түркістан облысының жалпы экологиялық саясатына сай келеді. Облыс әкімдігі тарапынан қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты ұтымды пайдалануға, санитарлық талаптарды күшейтуге бағытталған бағдарламалар жүйелі түрде іске асырылуда. Әсіресе, тұрмыстық қалдықтарды реттеу, қоқыс полигондарын заңдастыру, көшелерді абаттандыру сынды жұмыстар күн тәртібінен түскен емес.
«Таза Қазақстан» акциясы – ел көлемінде экологиялық мәдениетті көтеруге бағытталған кең ауқымды жоба. Түркістан өңірінде бұл бастамаға ауыл, аудан, қала деңгейінде қолдау көрсетіліп, тұрғындардың қатысуымен тазалықты сақтау бойынша түрлі сенбіліктер мен танымдық шаралар өткізілуде. Келес ауданындағы нақты көрсеткіштер мен жетістіктер – осы акцияның өңірдегі тиімді жүзеге асқанының дәлелі.
Алдағы уақытта да облыста экологиялық мәдениетті арттыру, санитарлық тәртіпті күшейту, жастарды экологиялық бастамаларға тарту, еріктілер қозғалысын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады. Бұл – ортақ жауапкершілік пен тұрақты даму мүддесінен туындайтын міндет.



