Сайрам ауданы бүгінде тұрақты инфрақұрылымы мен сенімді энергетикалық жүйесі бар, дамып келе жатқан аймақтардың қатарында. Аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру бағытында электр энергиясымен қамту мәселесі толық шешімін тауып отыр. Қазіргі уақытта аудан аумағындағы барлық елді мекендер — яғни 100 пайыз тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етілген.
Энергетикалық жүйені жаңарту мен күшейту жұмыстары жыл сайын жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Мәселен, 2024 жылы аудан бойынша 19 дана жаңа трансформатор орнатылса, 2025 жылы тағы 36 дана трансформатор орнату жоспарланған.
Электр желілерін жаңғырту жұмыстары да аудан көлемінде кеңінен жүргізілуде. Атап айтқанда, Қожақорған, Нұржанқорған, Қарабұлақ, Көлкент, Қарасу, Ақбай, Манкент, Аққала, Ақсуабад, Ақсукент, Алаш, Бәйтерек және Сиқым елді мекендерінде электр желілері толық жаңартылып, қуаттылығы арттырылды. Бұл елді мекендердің тұрғындары бұрынғыға қарағанда әлдеқайда тұрақты әрі сапалы электрмен қамтамасыз етіліп отыр.
Жалпы аудан бойынша электр қуатының үзілістері жиі кездесетін ауыл жоқ. Бұл – соңғы жылдары энергетикалық жүйеге бағытталған ауқымды инвестициялар мен жаңғырту жұмыстарының нәтижесі. Аудан халқы бұрынғыдай электр жарығының үзілуінен зардап шекпейді. Бұдан бөлек, болашақта қуат көздерін жаңғырту мен баламалы энергияны дамыту бағытында да ауқымды жобалар қолға алынып отыр. 2024–2029 жылдар аралығында Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылдық округі аумағында қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысы (БГҚ) базасындағы электр станциясын салу жоспарланған. Бұл жоба аясында 500 кВ және 220 кВ желілерімен Шымкент 500 кВ тораптық қосалқы станциясына электр қуатын беру көзделіп отыр. Аталған ірі жоба іске қосылған жағдайда аймақтың энергетикалық тәуелсіздігі нығайып, Түркістан өңірі ғана емес, оңтүстік өңірлерді де қуатпен қамту әлеуеті артады.
Айта кетейік, бұл игі бастамалар тек Сайрам ауданымен шектелмейді. Түркістан облысы бойынша да инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Өткен жылы 807 елді мекеннің 767-сі, яғни 95 пайызы (оның ішінде 7 қала және 760 ауылдық елді мекен) ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал биылғы жылы 47 ауыз су нысанының және 41 электрмен қамту нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін облыс бойынша 18 елді мекендегі 22,3 мың тұрғынды сапалы электр энергиясымен қамту жоспарланып отыр. Бұл – облыс аумағында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртудың нақты нәтижелері.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында: «Әрбір елді мекенде сапалы инфрақұрылым болуы – әділетті қоғам құрудың маңызды шарты», – деп атап өткен болатын.
Жалпы электр энергиясы мен ауыз су сияқты базалық қажеттіліктердің шешілуі өңір халқының әл-ауқатын арттыруға, экономикалық өсімге және тұрақты дамуға жол ашады.



