Ауыл шаруашылығын дамыту ел экономикасының маңызды салаларының бірі болып табылады. Осы бағытта өңірлерде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар ел Президентінің тапсырмалары аясындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Түркістан облысында су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жаңа су нысандарының құрылысы қарқын алуда. Бұл тек инфрақұрылымдық дамуға ғана емес, сонымен қатар, ауыл шаруашылығының өнімділігіне де айтарлықтай оң әсер етпек.
Қазіргі таңда өңірде «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге, «Боралдай» су қоймасы жобасының жүзеге асырыла бастауы алдағы уақытта облыстың су ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Бұл екі ірі нысанның іске қосылуы «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн текше метр су жіберуге жол ашады. Мұндай ауқымды көлемдегі су қоры егістік жерлердің суару жүйесін жақсартуға, сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өнімінің сапасы мен көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 890 мың гектарға егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға көп. Оның ішінде 552 мың гектар жер суармалы алқапқа жатады. Бұдан облыс бойынша су ресурстарына деген сұраныстың артқанын көруге болады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров атап өткендей, вегетациялық маусым қалыпты жағдайда өтіп жатыр және ағын су диқандардың сұранысына сәйкес бөлінуде.
Дегенмен, кейбір аймақтарда су тапшылығы әлі де сезілуде. Мәселен, Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылдық округінде орналасқан 3207 гектар егістік алқап биыл вегетациялық кезеңде судың жетіспеушілігін бастан өткеруде. Түркістан магистральды каналынан келетін су көлемінің азаюы – бұл аудан шаруалары үшін үлкен сын. Алайда, бұл жағдайды ушықтырмай, уақтылы шешу мақсатында жергілікті билік тиісті шараларды қолға алды.
Ауыл әкімдігінің бастамасымен және аудан әкімдігінің қолдауымен егістік алқаптарды сумен қамтамасыз ету үшін құдық қазу жұмыстары басталды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Қарашық ауылдық округіне арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жергілікті шаруалармен кездесіп, олардың пікірлерін тыңдап, түйткілді мәселелерді назарға алды. Әкім Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, құдықтар арқылы судың тұрақты жеткізілуі егіннің шығымдылығына тікелей әсер етеді және бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың ұдайы бақылауында болады.
Қазіргі таңда құдық қазу жұмыстарына 1 дана ЛК техникасы мен 1 экскаватор тартылған. Әрбір құдық нақты егістік жердің су қажеттілігіне қарай қазылуда. Былай қарағанда, бұл – ағын су тоқтап қалған кезеңде өнімнің сақталуына мүмкіндік беретін тиімді әрі уақытылы шешім. Сонымен қатар, алдағы уақытта су тапшылығы байқалатын басқа да ауылдық округтерде балама шешімдер қарастырылып, кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.
Ордабасы мен Сауран аудандарында да қосымша су қоймалары салынатын болды. Бұл су нысандары тәулігіне 194 текше метрге дейін су жіберу мүмкіндігін береді. Мұндай жобалар өңірлік су инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жол ашады.
Жалпы, су нысандарының құрылысын жандандыру жұмыстарының барлығы шаруалардың тұрақты табыс көзін қамтамасыз етіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал ететіні сөзсіз.



