Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жыл сайынғы дәстүрге сай елді мекендерде есеп беру кездесулерін өткізіп, халықпен тікелей пікір алмасу арқылы ауылдың тыныс-тіршілігіне ден қойып келеді. Жуырда аудан басшысы Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, жұмыстардың қорытындысын ұсынды.
Кездесуге ауылдық округ әкімі Тайыр Абдиев, аудандық бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты. Тайыр Абдиев өз баяндамасында ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және инвестиция салаларындағы жұмыстар туралы кеңінен тоқталып, алдағы жоспарлар мен жаңа жобалар жайында баяндады. Ол ауылдың даму қарқыны артқанын атап өтіп, бірқатар нақты көрсеткіштерді ортаға салды.
Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, жол жөндеу, ауыз су жүйесін жаңарту, ауыл шаруашылығын қолдау сынды маңызды бағыттарда ұсыныстарын жеткізді. Әрбір сауалға аудандық бөлімдердің жауапты өкілдері нақты әрі толық жауап беріп, шешу жолдарын түсіндірді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров: «Халықпен осылай ашық кездесіп, ауылдағы жағдайды бірге саралау – әкімдіктің басты ұстанымдарының бірі. Қай мәселе көтерілсе де, оны бақылауға алып, кезең-кезеңімен шешу – біздің міндетіміз. Әрбір ауылдың әлеуетін толық пайдалану үшін нақты жобалар қажет», – деді.
Кездесу аясында аудан басшысы Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ибата елді мекенінде салынып жатқан электрмен жабдықтау нысанының құрылысымен арнайы барып танысты. Аталған жоба – ауыл инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Жобаның тапсырыс берушісі Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі болса, құрылыс-монтаж жұмыстарын «Ынтымақ Бес Арыс» ЖШС атқаруда. Техникалық және авторлық қадағалау «Тұран құрылыс» және «ЖОББЕСТПРОЕКТ» ЖШС-не жүктелген.
Аудан әкімі нысанның сапасы мен мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Құрылыс барысын тексеру кезінде ол қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше тоқталып, жобаның халық үшін маңызын атап өтті. «Ауыл инфрақұрылымын дамыту – аудан әкімдігінің негізгі басымдықтарының бірі. Бұл жоба – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты іс. Біз тек есеп беріп қана қоймай, нақты нәтиже үшін жұмыс істеуіміз керек», – деді Мақсат Таңғатаров.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында:
«Ауылды дамыту – стратегиялық маңызы бар міндет. Әрбір азамат өзін туған жерінде жайлы сезінуі тиіс. Бұл үшін жол, жарық, су, әлеуметтік нысандар болуы қажет», – деген болатын. Осыған орай Сауран ауданында барлық ауылдық округтерде кешенді жобалар қолға алынып, әр салада жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Қорыта айтқанда, Жаңа Иқан ауылдық округінде тартылып жатқан электр желілері, жоспарланған жол жөндеу және әлеуметтік нысандар құрылысы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды шаралар болып табылады. Және бұлардың барлығы да Жаңа Иқанның өркендеу жолына нық қадам басқанын айғақтайды.



