Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде қарқын алып келеді. Қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы бұл жоба Түркістан облысында да жүйелі жүзеге асырылып жатыр.
Аталған бағдарлама аясында Жетісай ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Аудан әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасына сәйкес, қала, кент, барлық ауылдық округтерде өткізілген тазалық шарасына 2 мыңға жуық тұрғын, 200-ден аса мемлекеттік қызметкер мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты. Сонымен қатар сенбілікке 16 техника жұмылдырылды.
Тазалық жұмыстары барысында саябақтар мен гүлзарлар, тарихи-мәдени нысандардың айналасы арам шөптерден, қураған бұта-ағаштардан тазарды. Көшелер мен арық-атыздардан 18 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық шығарылды. Сонымен қатар ағаштардың түптері әктеліп, көшеттер отырғызу жұмыстары да жүргізілді.
«Таза Қазақстан» – бұл тек экологиялық бастама емес, бұл – ел азаматтарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыратын, ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін маңызды жоба. Сондықтан мұндай игі шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіле бермек.



