Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экологиялық мәдениетті арттыруға, өңірлердің инфрақұрылымын абаттандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасы аясында Түркістан облысында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Соның жарқын бір көрінісі – Ордабасы ауданында өткен ауқымды сенбілік.
Бүгін аудан орталығы Темірлан елді мекенінде орналасқан, жақында пайдалануға берілетін Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мәдени-спорттық кешеннің маңында сенбілік ұйымдастырылды. Қоғамдық шараға түрлі сала өкілдері мен жергілікті тұрғындардан құралған 200-ге жуық азамат атсалысты.
Сенбілік барысында қатысушылар жаңа кешен аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, қоршаған ортаны абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл — аудан жұртшылығының ортақ іске деген жанашырлығын, қоғамға пайдалы еңбекке ұмтылысын білдіреді.
Айта кету керек, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жаңа мәдени-спорттық кешен алдағы уақытта Ордабасы өңірінің спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, жастардың мәдени-рухани дамуына да тың серпін береді деп күтілуде.
Аталған сенбілік — өңірде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен Президент тапсырмаларының жергілікті деңгейде нақты іске асырылып жатқанын айқын көрсетеді.



