«Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін ұлы тұлға» деп бекер айтылмаса керек. Ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті, қоғамдық келісім мен өзара құрметті жас ұрпақтың бойына дарытатын да – осы ұлы мамандық иелері. Бүгінде еліміздегі түрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілді меңгеріп, қазақ халқының рухани құндылықтарына құрметпен қарап, қоғамдық келісімді сақтау жолында еңбек етіп келеді. Солардың бірі – Кентау қаласындағы Ө.Жәнібеков атындағы көпсалалы мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстаз Динара Икматуллақызы Абубакирова.
Өзге ұлттың өкілі болса да, жүрегі «қазақ тілі» деп соғатын Динара Икматуллақызының бұл салада тер төгіп келе жатқанына – 19 жылдан асты. Жоғары санатты педагог-сарапшы, жаңашыл ұстаз білім беру мен тәрбие беруді егіз ұғым деп санайды. Оның айтуынша, қазіргі заманның баласына біліммен қатар ұлттық болмыс, мемлекеттік рәміздерге құрмет, тілге деген жанашырлық пен ұрпақтар сабақтастығына деген жауапкершілік қатар берілуі тиіс.
– Ұстаз – тек пән үйретуші емес. Ол – ұлттың идеологиялық тірегі. Әр сабақта оқушыға біліммен бірге тәрбие беру – басты қағидатым. Қазақ тілінің қадір-қасиетін ұғындырып, Абай мен Әуезовті оқыту арқылы ұлттық дүниетанымды, мәдени мұраға құрметті қалыптастырамыз. Мемлекеттік тілді жетік меңгеру – кез келген этнос өкілінің азаматтық парызы. Мен де өз мамандығым арқылы осы парызымды адал атқарып келемін, – дейді ұстаз.
Ол – сабақ барысында оқушыны ойлауға, еркін сөйлеуге, өз көзқарасын ашық білдіруге баулитын шығармашылық ізденімпаз. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, қоғамдық белсенділігін көтеру мақсатында мектепте ашылған «Адал ұрпақ» дебат клубына жетекшілік етеді. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған шәкірттер осы клуб арқылы тіл табысуды, пікір алмасуды, өзара түсіністік пен мәдени сыйластықты үйреніп келеді. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының «бірлік пен бейбітшілік» идеясымен үндес іс-шаралардың бірі.
Бүгінде Динара Икматуллақызы – қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі байқаулардың жеңімпазы. Атап айтсақ, ол республикалық «Абай мұрасы», «Каникулда кітап оқимыз», «Тұлға боламын», облыстық «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Интеллект баттл», «Тәрбие ісінің үздіктері» сияқты білім сайыстарында дараланып, құрмет грамоталарына ие болған. Сонымен қатар ол – «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруда қолданылатын тиімді әдіс-тәсілдер» атты әдістемелік құралдың авторы. Бұл еңбегі қазіргі заман оқушыларына білім берудегі тың тәсілдерді жинақтап, әріптестерімен тәжірибе бөлісуге мүмкіндік береді.
Жас мамандарға үнемі бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесін үйретіп отыруды да парызым деп санайды. «Мұғалім – үнемі ізденісте болуы тиіс. Кездейсоқ келіп, жаңашылдықтан қашатын ұстаз өз кәсібінде ұзақ жүре алмайды. Ал нағыз ұстаз үнемі шеберлігін шыңдап, өзгеге үлгі бола білуі керек. Ұстаздыққа жүрек қалауымен келу – табыстың кепілі», – дейді ол.
Ұстаздың білім саласына қосқан үлесі Кентау қаласы әкімдігі, қалалық білім бөлімі, облыстық білім басқармасы тарапынан бірнеше рет алғыс хаттар мен марапаттармен бағаланған. Оның оқушылары да пәндік олимпиадаларда, шығармашылық байқауларда топ жарып жүр.
Динара Икматуллақызы – көпұлтты қоғамдағы ынтымақ пен бірліктің шынайы жаршысы. Мемлекеттік тілді, ұлттық құндылықтарды насихаттап қана қоймай, өзгелерге үлгі бола білген талапшыл ұстаз. Оның еңбегі – жас ұрпаққа бағытталған, болашаққа жол ашатын жарқын миссия.



