Кентау қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында кезекті плоггинг акциясы өтті. Бұл жолы тазалық шарасына қала әкімі Жандос Тасов өзі қатысып, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында өткен іс-шараға қолдау көрсетті. Қала басшысының тұрғындармен бірге белсенділік танытуы — экологиялық бастамаларға деген жауапты көзқарастың жарқын үлгісі.
Плоггинг — қоршаған ортаны қорғауды дене белсенділігімен ұштастыратын экологиялық қозғалыс. Бұл әдіс алғаш рет Швецияда бастау алып, бүгінде әлемнің көптеген елінде, соның ішінде Қазақстанда да кеңінен таралып келеді. Азаматтар жүгіру немесе серуендеу кезінде айналадағы қоқысты жинап, өз ортасына қамқорлық жасайды. Осындай пайдалы әрі тәрбиелік мәні зор шара енді Кентау қаласында да тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Кезекті плоггингке тұрғындар, аула балалары мен ата-аналар белсенді түрде атсалысты. Қала әкімімен бірге аумақты тазартуға шыққан бүлдіршіндер мен ересектер өз үйлерінің айналасын қоқыстан тазартып, аулаға көрік берді. Мұндай игі бастама ауладағы тазалықты ғана емес, қоғамдағы экологиялық жауапкершілікті де арттыруға сеп болмақ.
— Бүгінгі шара – баршамызға үлгі. Қоршаған орта тазалығы – ұлт саулығының кепілі. Біз балаларды кішкентайынан туған жерін, табиғатын сүюге үйретуіміз қажет. Әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстауға мүдделі болуы тиіс. Бұл – тек әкімдік емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі, – деді қала әкімі Жандос Тасов өз сөзінде.
Шара соңында қала басшысы плоггингке белсенді қатысқан бүлдіршіндерге балмұздақтар мен ойыншықтар тарту етіп, олардың белсенділігіне ризашылығын білдірді. Балалар көтеріңкі көңіл-күймен бір-біріне қуанышын бөлісіп, экологиялық шараның қоғамға пайдалы әрі қызықты екенін көрсетті.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Кентау қаласында бұған дейін де бірнеше сенбілік пен тазалық акциялары ұйымдастырылған. Қаладағы мекемелер мен кәсіпорындар, мектептер мен балабақшалар, тұрғындар мен еріктілер экологиялық қозғалысқа өз үлестерін қосып келеді. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында плоггинг өткізу тәжірибесі қалада кеңінен қолдау тауып отыр.
Кентау қаласы әкімдігі экологиялық мәдениетті насихаттауға ерекше көңіл бөлуде. Бұл бағыттағы жұмыстар бұдан әрі де жалғасын тауып, барлық аумақтарды қамтитын болады. Себебі, қоршаған ортаны таза ұстау – тек тазалық сақтау ғана емес, ұрпаққа үлгі боларлық үлкен тәрбие.
Табиғатты аялау – туған жерге деген сүйіспеншіліктің айғағы. Осындай игі шаралар арқылы балалар бойында экологиялық сауаттылық пен әлеуметтік жауапкершілік сезімі қалыптасады. Кентаулықтардың бұл бағыттағы бірлігі мен белсенділігі — қаланың келешегіне жасалған маңызды қадам.
Тазалық — денсаулық кепілі. Ал оны сақтау — әрбір азаматтың азаматтық парызы екенін ұмытпаған абзал.



