Арыс қаласына қарасты Жиделі елді мекені алғаш рет табиғи газға қосылып, 2 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл маңызды оқиға қала күні мерекесіне орай ауыл тұрғындарына тарту ретінде ұйымдастырылды.
Жиделі – Арыс қаласынан шалғай орналасқан елді мекендердің бірі. Ауылда табиғи газ жүйесінің іске қосылуына орай өткен салтанатты шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, мердігер мекеме өкілдері мен салалық құрылымдардың мамандары қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған қала әкімі бұл бастаманың ауыл өміріне оң өзгеріс әкелетінін атап өтті.
– Елді мекендерді газдандыру – Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып жатқан кешенді жұмыстардың бір бағыты. Жиделі ауылына көгілдір отынның берілуі – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Бұл жобаның жүзеге асуы, әсіресе қыс мезгілінде отын тасу мәселесі қиындық тудыратын тұрғындар үшін үлкен жеңілдік болады, – деді қала басшысы.
Жиналған қауым атынан ауыл ақсақалдары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлыққа алғыстарын жеткізіп, елді мекеннің әлеуметтік әлеуеті артып келе жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Арыс қаласына қарасты Байырқұм және Көкжиде елді мекендеріне көгілдір отын жеткізілген болатын. Қазіргі таңда Аққала ауылын газдандыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде.
Жиделідегі бұл игі бастама ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, өңірді дамытудың жаңа кезеңіне жол ашары сөзсіз.



