Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық науқаны аясында Сарыағаш ауданында ауқымды сенбілік жұмыстары өткізілді.
Шараға аудан әкімдігі, 13 ауылдық округ пен қала әкімдігі, сондай-ақ бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері, аудан жастары мен еріктілер белсенді қатысты. Сенбілік барысында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелерде тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Аудан басшысы Арман Абдуллаевтың бастамасымен өткізілген сенбілік барысында көшелердің бойына тасталған күл-қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтар тазаланды, шөптер орылды, қоғамдық орындар мен саябақтар ретке келтірілді.
– «Таза Қазақстан» науқанының мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына, табиғатты қорғауға және отансүйгіштік сезімін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы арқылы қоғамда адал еңбек пен әділдік құндылықтарын дәріптеу көзделіп отыр, – деді аудан әкімі.
Сенбілік барысында тұрғындар да өз үлестерін қосып, ортақ іс-шараның қоғамға пайдасын атап өтті. Аталған науқанның нәтижесінде Сарыағаш ауданының аумағы көріктеніп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға маңызды серпін берді.



