Қазіргі заманда қоғамның рухани өмірінде терең өзгерістер орын алып жатқаны анық. Ғаламтор кеңістігінің шексіз мүмкіндіктері, ақпаратқа деген қолжетімділік, сондай-ақ әлемдік үрдістердің ықпалы діни сана мен танымға да әсер етуде. Осындай кезеңде ел ішінде діни тұрақтылық пен бірлік мәселесі бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Осы ретте елімізге белгілі дінтанушы, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жанындағы ғұламалар кеңесінің және республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, ғалым, «Балаби қари» Құран жаттау орталығының басшысы Арман Қуанышбаевтың пікірі бүгінгі қоғам үшін айрықша мәнге ие.
Ғалымның айтуынша, қазіргі таңда дінді ұстануда шынайы діндарлық пен формальді діншілдікті ажырата білу қажет. Діндарлық – адамның жүрегінен шыққан дінге деген махаббаты, оның өмірін ислам қағидаттарымен өрнектеуі болса, діншілдік тек сыртқы келбетпен шектелетін, мәні тереңге бойламаған құр елестің көрінісі. Арман Қуанышбаев дінге шын ықыласпен бет бұрған жан өз әрекетін тек сыртқы қалыппен емес, ішкі рухани жетілу арқылы көрсететінін айтады. Ал, тек сыртқы формаға қарап, шынайы діндарлықты өлшеу жастарды әсіре діншілдікке итермелеуі мүмкін қауіпті үрдіс.
Бүгінгі таңда кейбір жастардың діни білім мен танымға терең бойламай, түрлі шетелдік діни бағыттардың сыртқы формасына еліктеуі байқалады. Олар Пәкістан, Үндістан немесе араб елдеріне барып, сол елдердің ұлттық киімін, тұрмыс-салтын өзіміздің мәдениетпен араластырып қабылдап жатады. Мұндай әрекет бір қарағанда дінге берілгендік секілді көрінгенімен, түбінде өзінің төл дәстүрі мен құндылықтарына деген немқұрайлылыққа, ұлттық болмыстан алшақтауға алып келеді. Бір кездері халқымыздың батысқа шамадан тыс еліктеуі де осындай құндылық дағдарысына себеп болғаны белгілі. Ата-анаға құрметтің азаюы, отбасылық жауапкершіліктің төмендеуі, тіпті ажырасу көрсеткіштерінің өсуі осындай рухани селқостықтың нәтижесі болса керек.
Арман Қуанышбаевтың айтуынша, бүгінгі қоғамда дәстүрлі емес діни ағымдардың таралуы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл ағымдар шынайы ислам негіздеріне сай келмейді, олар көбіне белгілі бір саяси немесе топтық мүдделерге қызмет етеді. Осындай топтар адамдардың ішкі рухани қажеттіліктерін пайдаланып, олардың санасын монипуляция арқылы улайды.
— «Біздің дініміз – ақиқат сөзге, парасатқа, білімге негізделген дін. Кім айтқанына емес, не дегеніне қара» деген қағидатқа негізделген. Бірақ, дәстүрлі емес ағымдар дәл осы негізді терістеп, өздерінен өзге ешкімнің сөзін тыңдауға болмайды деген ойды жастардың санасына сіңіреді. Бұл өз кезегінде шынайы дінге де, ұлтқа да, қоғамға да өте қауіпті. Мұндай ағымдардың басты ерекшелігі адамды еркін ойлау қабілетінен айырып, белгілі бір көзқарас шеңберінде ғана тәрбиелеуі. Олар өздерінің шынайы мақсатын жасырып, «таза ислам» ұстанымын алға тартады. Алайда бұл жол ақырында адамды қоғамнан оқшаулап, отбасынан, дәстүрінен ажыратады. Мұндай көзқарастардың салдары әлеуметтік, тіпті саяси деңгейдегі дағдарыстарға әкеп соғуы мүмкін, — дейді Арман Қуанышбаев.
Сондықтан да дәстүрлі ислам жолын ұстану бұл тек діни емес, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұтастықтың кепілі екенін ұмытпағанымыз абзал дер едік. Жалпы ел бірлігі мен рухани тұтастық – біздің ең асыл байлығымыз. Дінге деген махаббат, дәстүрге деген құрмет және білімге деген ынта, яғни осы үшеуі ұлттың болашағын айқындайды. Діншілдікке емес, діндарлыққа бет бұрайық.



