Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және экологиялық қауіпсіздікті сақтау мәселелеріне ерекше мән беріп келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, әрбір елді мекенге заманауи инфрақұрылым жеткізу – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты тетігі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысында елді мекендерді табиғи газбен қамту жобалары қарқынды түрде жүзеге асырылуда.
30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Мақтаарал ауданында тағы үш ауылға табиғи газ берілді. Бұл – Жаңажол ауылдық округіне қарасты Жеңіс ауылы, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Мырзатөбе ауылы және Достық ауылдық округіне қарасты Гүлістан ауылы. Аталған қуанышты сәтте аудан әкімі Бақыт Асанов ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісу үшін арнайы барды.
Салтанатты шара барысында аудан басшысы ауылдықтарға құттықтау сөз арнап, елді мекендерді газдандырудың маңыздылығын атап өтті.
– Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының жүктеген негізгі міндеттерінің бірі. Бұл – тек тұрмыстық жағдайды жақсарту емес, сонымен қатар экологияны сақтау, өмір сапасын арттыру бағытындағы маңызды қадам. Бүгін, міне, тағы үш ауылымызға газ беріліп отыр. Бұл – біздің тұрғындар үшін үлкен жетістік, – деді Бақыт Насырханұлы.
Газ мамандары салтанатты рәсім аясында ауыл тұрғындарына газды қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіріп, арнайы жадынама-парақшалар таратты. Жергілікті халық жылы лебіздерін білдіріп, тұрмыстағы үлкен жеңілдіктерді атап өтті. Әсіресе, көмір тасу, күл шығару, от жағу сияқты қиындықтардың артта қалғанына қуанған тұрғындар табиғи газдың денсаулыққа да, тұрмысқа да қолайлы екенін жеткізді.
Айта кетейік, соңғы жылдары Мақтаарал ауданында газдандыру қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда аудан елді мекендерінің 75 пайызы табиғи газға қосылған. 2026 жылдың соңына дейін Мақтааралды 100 пайыз газбен қамту жоспарланып отыр. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен жергілікті әкімдіктің жүйелі жұмысының нәтижесі.



