Білім беру саласы қызметкерлерінің тамыз айындағы дәстүрлі кеңесі елдің әр өңірінде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бұл – тек ұстаздар қауымы ғана емес, қоғамның болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат күтіп жүретін маңызды басқосу. Өйткені конференцияда білім саласының өзекті мәселелері талқыланып, жаңа оқу жылына бағыт-бағдар айқындалады.
Биылғы конференция «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өтті. Басқосуда білім сапасын арттыру, жаңа оқыту модельдерін енгізу, цифрлық технологияларды пайдалану және білікті мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
Жиынға қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, облыстық білім басқармасының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы, білім бөлімі басшылығы және ардагер ұстаздар қатысты.
Конференция төрт бағытты қамтыды. Атап айтар болсақ, инновациялық цифрлық технологиялар көрмесі, пленарлық отырыс, секциялық мәжілістер қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылдау, үздік педагогтер мен білім беру ұйымдарын марапаттау.
Жиында білім саласындағы жетістіктер мен жаңа оқу жылындағы міндеттер сараланды. Қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова өз сөзінде мұғалімдердің еңбегін ерекше атап өтіп, ұстаздарға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Әділ Әуелбеков 2024–2025 оқу жылының қорытындысын жасап, 2025–2026 жылдарға арналған жоспарларды таныстырды. Ол педагогикалық кадрлардың кәсібилігін арттыруға бағытталған шараларға, соның ішінде ваучерлік қаржыландыру жүйесінің енгізілуіне тоқталды. Бұл жүйе мектепке дейінгі ұйымдарға бәсекелестік әкеліп, қызмет сапасын арттырады.
Бүгінде Кентау қаласында 67 білім нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 31 мектеп, 33 балабақша, 3 қосымша білім беру мекемесі бар. Мектептерде 20 мыңнан астам оқушы білім алса, 2 мыңнан аса мұғалім еңбек етуде. Мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру үшін арнайы курстар ұйымдастырылып, биылдың өзінде жүздеген ұстаз білімін жетілдірді.
Оқу жылының қорытындысы бойынша қала түлектерінің үлгерім көрсеткіші 100 пайызды құрап, білім сапасы өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға артқан. 1071 түлектің 557-сі жоғары оқу орындарына түссе, оның алтауы шетелдік университеттерге қабылданды. ҰБТ нәтижесі бойынша қала түлектерінің орташа балы – 79,5 болды.
Оқушылар түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобаларға белсене қатысып, облыстық, республикалық және халық-аралық деңгейде жүлделі орындарға ие болды.
Жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептерде «Адал азамат» бағдарламасы бойынша бірыңғай тәрбие стандарты енгізіледі. Бұл – оқушыларға ортақ құндылықтарды қалыптастыруға және ұлттық рухты дәріптеуге бағытталған маңызды қадам.
Кентау қаласы білім беру инфрақұры-лымы жағынан да алға ілгерілеп келеді. Барлық мектеп интернетпен қамтамасыз етілген, бейнебақылау орнатылған, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Мектеп кітапханаларына электронды жүйе енгізіліп, жаңа оқу жылына қажетті оқулықтар толық жеткізілген.
Конференция соңында қала әкімі мен білім бөлімі үздік ұстаздарды марапаттап, алғыс хаттар табыстады. Ардагерлерге құрмет көрсетіліп, жас мамандарға сенім артылды.
Раушан ПЕРНЕХАНҚЫЗЫ



