Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Бәйдібек ауданына барып, аудан активімен кездесті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, негізгі проблемалар және оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды.
Облыс басшысы ауылдық округ әкімдері мен басқарма жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеп, ауданның алдағы даму бағыттарын айқындап берді. Кездесуде мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына талдау жасалып, салық түсімдерін арттыру, кірістерді заңдастыру, ауылдық округтердің қаржылық тәуелділігін азайту қажеттігі атап өтілді. Әсіресе ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіштердің төмендігі сынға алынып, «Өзін-өзі қамтамасыз ету жол картасы» аясындағы жұмыстардың мардымсыз екені айтылды.
– Бюджетке тәуелділікті біртіндеп азайту қажет. Әрбір ауылдық округ әкімі нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс. Экономиканы әртараптандыру – стратегиялық міндет. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Тек өз жұмысына салғырт қарауға болмайды, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Жиын барысында ауыл әкімдерінің жұмысы сынға алынып, көрсеткіштері төмен округтердің басшыларынан жеке-жеке жауап алынды. Мал шаруашылығы мен басқа да экономикалық индикаторлардың орындалуы бойынша нақты деректер сұралды.
Облыс әкімі сондай-ақ инвесторларды тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және жұмыссыздықты азайту қажеттігін баса айтты. Бәйдібек ауданының туризм саласындағы әлеуетіне тоқталып, туристік нысандардың инфрақұрылымын жақсарту, санитарлық тазалықты күшейту және қызмет көрсету сапасын арттыру жөнінде тапсырмалар берді.
– Бәйдібек – табиғи, тарихи әрі рухани мұраға бай өлке. Бұл – туризмді дамытуға зор мүмкіндік. Әр аудан өз брендін қалыптастырып, соған сай даму жолын айқындауы қажет, – деді аймақ басшысы.
Кездесу соңында облыс әкімі ауданның санитарлық жағдайына ерекше назар аударды. Арнайы тексерулер жүргізіліп, тазалық жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмаған ауыл округтері әкімдеріне тәртіптік шара қолданылатыны ескертілді.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев жиында ауданның қазіргі ахуалы туралы есеп берді. Басқарма басшылары да өз салалары бойынша ұсыныстарын білдірді.
Қорытындысында облыс әкімі барлық деңгейдегі басшыларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Мәслихат депутаттарына аудан әкімдігімен бірге инвестициялық жобаларды қолдауға белсене атсалысу, ауылдық округтердегі әлеуетті жобаларды зерделеу міндеті жүктелді.



