Әр халықтың жүрегінде орын алған ұлттық болмыс, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар – ұрпақтың рухани тірегі, елдіктің алтын діңгегі. Қазақ халқы үшін сондай асыл мұраның бірі – бесік. Бесік – жай ғана ағаш төсек емес, ол – ұлттың тамырын тереңге жайған рухани коды, ұрпаққа аманатталған киелі нышан. Бесікке салу рәсімі – ата-баба дәстүріне, ислам құндылықтарына сүйенген тәрбиенің алғашқы баспалдағы.
Көшпенділер өмірінде бесік нәрестенің тыныштығы мен ананың алаңсыздығын қамтамасыз етті. Бұл – ата дәстүрінің отбасылық береке мен ел бірлігін сақтаудағы рөлін айғақтайтын көрініс. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтің сөзі бекер айтылмаған. Ол – ұлттық болмысты түгендеп, дәстүр мен иманнан ажырамау туралы терең ой.
Алайда бүгінгі таңда бесік қолданыстан шеттеп, оның орнын заманауи жөргектер алмастырып барады. Бұл – заман ағымына бейімделу ме, әлде дәстүрден, ұлттық рухани негізден алыстаудың белгісі ме? Заманауи жөргектің кей жағдайда ыңғайлы екені анық. Дегенмен, тек жөргекке үйрену – сәби денсаулығына да, ұлттық тәрбиеге де зиян тигізуі ықтимал.
Бесік – тазалық пен тәртіптің, мейірім мен тәрбиенің мектебі. Ана баласын бесіктен шешіп, қайта бөлеген сайын оған жылы сөздер айтып, мейірімін төгеді. «Айым, күнім, жаным» деген сөздер сәби жүрегіне махаббат дәнін себеді. Осылай тәрбиеленген бала болашақта жұмсақ жүректі, жанашыр, отбасына адал азамат болып өседі. Бұл – ел ынтымағын сақтайтын болашақтың кепілі.
Кентау қаласының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Бибі Еркінбекқызы Дәрібаева да бесіктің ұлттық бірлік пен дәстүрлі тәрбиедегі орнын айрықша атап өтті:
– Сәби ана махаббатын сезініп өсуі керек. Ол бесік арқылы ғана мүмкін. Бесіктен нәр алған бала ешқашан қатыгез болмайды. Жөргек сәбидің нәзік терісіне зиян келтіріп, түрлі бактериялардың көбеюіне әкелуі мүмкін. Ұрпақ тәрбиесі бесіктен басталатынын ұмытпайық. Бесікті қадірлеу – дәстүрге адалдық қана емес, ел бірлігін сақтаудың да жолы, – дейді ол.
Қазақ үшін дәстүр мен дін – егіз ұғым. Бесік – сол егіз ұғымның тоғысқан тұсы. Дінімізде баланы таза ұстау, отбасының татулығын сақтау, ата-ананың мейірімін арттыру ерекше құндылық саналады. Бесіктің тәрбиелік мәнін ұмытпау – имандылық пен рухани тазалықты сақтаудың да алғышарты.
Ұлттың ұйысқан тұтастығы – елдің берекесі. Сол бірліктің бастау бұлағы да отбасыдан, бесіктен тарайды. Бесікте мейірімге бөленіп өскен бала – ертең әділ, иманды, елін сүйетін азамат болып қалыптасады. Мұндай ұрпақ – мемлекет тұрақтылығының, діни татулықтың және ұлттық ынтымақтың басты кепілі.
Халық даналығы мен ғасырлық тәжірибесі жинақталған бесікті қайтадан отбасы тәрбиесіне енгізу – болашаққа салынған инвестиция. Бұл – рухани байлықты арттырып, ұлттық болмысымызды сақтаудың сенімді жолы.
Ұрпақтың жүрегіне иман, бойына ізгілік ұялататын киелі бесікті қадірлеу – Мәңгілік Елдің рухани негізін бекемдеу екенін естен шығармайық.



