Жалпы Түркістан облысы бойынша биыл 66 нысанның құрылысына қажетті қаржы бөлініп, 38 су құбырының құрылысы аяқталып, іске қосылады. Қалған 28 нысанның құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі болып отыр. Сонымен қатар 30 елді мекенге жаңа су құбырлары тартылып, ескірген, тозығы жеткен құбырлар жаңартылмақ. Бұл бағыттағы жұмыстарға арнайы мониторинг жүргізіліп, тиімділік пен сапа басты назарда ұсталып келеді.
Өңірде ауыз сумен жабдықтаумен айналысатын 17 су беруші мекеме жұмыс істейді. Қазіргі таңда елді мекендерде барлау жұмыстары қолға алынып, арнайы индикаторлар енгізілген. Мердігер ұйымдармен тиісті келісімшарттар жасалып, құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Ордабасы, Қазығұрт, Бәйдібек, Сарыағаш, Келес аудандарында су нысандарының құрылысы аяқталып, кейбір жерлерде ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін жоспарланған 215 елді мекеннің 86-сында ауыз су мәселесі шешімін тауып, қазіргі таңда облыстың 129 елді мекені кестеге сай ауыз сумен қамтылып отыр. Оның ішінде 68 елді мекендегі су жүйелері аудан мен қала әкімдіктерінің меншігінде болса, 61 елді мекендегі топтық су жүйелері «Қазсушар» РМК теңгеріміне тиесілі. 2025 жылдың соңына дейін 24 елді мекенге тәулік бойы су жеткізу көзделсе, тағы 20 елді мекенді тұрақты ауыз сумен қамту шаралары 2026 жылы жүзеге асырылмақ.
Сауран ауданы да бұл ілкімді бастамадан шет қалмай, биылғы жылы халықты таза ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді. Атап айтқанда, аудандағы жеті елді мекен – Бабайқорған, Үлгілі, Серт, Ибата, Оранғай, Шекербұлақ және Шыпан ауылдарының ауыз су жүйелері ағымдағы жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, Шыпан, Жүйнек және Қазақстанның 30 жылдығы елді мекендерінде 24 сағат бойы ауыз судың жетіспеушілігі байқалғандықтан, қосымша су ұңғымаларын қазу қажеттілігі туындап отыр. Бұл мәселе де жергілікті биліктің бақылауында.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында да ауданда бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда С.Қожанов, Ескі Иқан, Шорнақ және Қосмезгіл елді мекендерінде ауыз су жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалардың құрылысы 2026 жылға өтпелі болып жоспарланған. Бұдан бөлек, бірнеше ауылдардағы ауыз су тарату орталықтарына да ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылып, тиісті конкурс жарияланған. Аталған жұмыстар Бабайқорған, Үлгілі, Ибата, Оранғай, Шекербұлақ, Шыпан және Ескі Иқан елді мекендерін қамтиды.
Ауыз су – халықтың ең негізгі қажеттіліктерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі әрі қарқынды жүргізілуі Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ілгерілеп келе жатқанын көрсетеді.



