«Құмырсқаға тіл бітсе “адамнан қорқыңдар!” дер еді…» деген ойлы сөз – қоғамға ой салатын ескерту. Бұл туралы ақын әрі жазушы Мұхит Мақажанов «Дәстүр» студиясына берген сұхбатында айтты. Шынында да, ынтымақ пен береке қадірленбесе, татулыққа сызат түсіп, қоғамдық үйлесім бұзылады.
«Табыс – татулық бар жерде, береке-бірлік – ынтымақ бар жерде» деп бекер айтылмаған. Алайда соңғы жылдары әлеуметтік желілерде дін мен дәстүрді қарсы қойып, ауыр сөз айтып, дау-дамай туғызу жиілеп кетті.
Мұхит Мақажановтың айтуынша, мұндай әрекеттер елдің рухани тамырына балта шабуы мүмкін.
-Біздің қоғамда дін мен дәстүр – бір-бірінен ажырап қалған егіз ұғым. Кеңес дәуірінде дінге тыйым салынып, дәстүр ескіліктің сарқыншағы саналды. Арада ұрпақ алмасып, заман өзгерсе де, олардың арасындағы байланыс толық қалпына келген жоқ. Соның салдарынан өзара түсініспеушіліктер жиілеп барады, — деді ол.
Ақынның айтуынша, дін – адамгершіліктің, имандылықтың темірқазығы болса, дәстүр – ұлттың рухани болмысын бекемдейтін қасиетті жол. Екеуі – бір-бірін толықтыратын қос қанат. Оларды қарсы қою – ғасырлар бойы қалыптасқан тұтастыққа селкеу түсіреді.
Осындайда мәміле мен сабыр қажет. Майлы Қожа бабамыздың «Өңшең жақсы бас қосса бітіреді кеңесті, өңшең жаман бас қосса шығарады егесті» деуі бекер емес.
-Құдай тағала 18 мың ғаламды жаратты. Соның ішінде адамның ерекшелігі – оның санасында. Бірақ сол саналы адам кейде санасыз іс істейді. Құмырсқаға тіл бітсе, айтар еді: “адамнан қорқыңдар!” деп. Бұл сөз – адам баласына берілген ақыл мен сананы дұрыс қолдануға шақыру, — деді ол.
Зұлымдық та, жауыздық та адамның өз ішінен бастау алады. Мұхит Мақажановтың айтуынша, дін де, дәстүр де бізді жақсылыққа жетелейді. Әркім осы жолдан таймаса ғана қоғамда салауаттылық орнығып, елде тұрақтылық пен тыныштық баянды болады.
-Қай дін болмасын, адамды адамшылыққа үндейді. Ал дәстүр – сол ізгілікті өмірде жүзеге асырудың жолы. Бірігіп жүргенде ғана тәрбие де, тәртіп те, татулық та бекиді. Қоғамдағы дау-дамай – сыртқы жаудың емес, ішкі әлсіздіктің белгісі. Жат идеологиялар осындай әлсіздікті пайдаланып кетуі мүмкін. Сондықтан бізге ұсақ егестерден гөрі ортақ мүддеге жұмылу қажет. Қазақтың тағылымы мол діні мен ұлттық дәстүрі – елдіктің іргетасы, бірліктің кепілі. Осы қос құндылықты жаңаша түсініп, ұрпаққа дұрыс жеткізу – әрбір саналы азаматтың борышы. Бізге айтыс емес – ақыл керек. Талас емес – татулық қажет. Өйткені біз бәріміз – бір үйдің баласындай, бір қоғамның мүшесіміз. Саналы адам – салиқалы шешім қабылдайды. Ал салиқалы шешім – елді берекеге, қоғамды ынтымаққа, ұрпақты бейбіт болашаққа бастайды, — деді ақын.



