Біз дін мен дәстүрді қатар ұстанған халықпыз. Қазақ «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді тектен-тек айтпаған. Ұрпақ тәрбиесінде, әсіресе қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. Қыз баланың тәрбиесі отбасы аясында ғана емес, ұлттың, елдің келешегіне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Осы тақырып төңірегінде ой қозғау үшін Кентау қаласының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Бибі Еркінбекқызы Дәрібаевамен әңгімелескен едік.
«Әрбір қыз – ертеңгі күні болашақ қалыңдық, болашақ ана. Ана – ұлттың ұйытқысы. Сондықтан қазақ халқы қыз тәрбиесін ұлт тәрбиесімен тең көрген. Ақын Ақұштап Бақтыгереева айтқандай, «Қыз болу оңай шаруа емес, ал қазақ қызы болу – мүлдем басқа». Қазақта «Еркек бұзылса – отбасы бұзылады, қыз бұзылса – ұлт бұзылады» деген терең мәнді сөз бар. Бұл қыз баланың тәрбиесіне қарап, ұлттың болашағын болжауға болатынын білдіреді», – дейді Бибі ана.
Қыз баланы қазақ ежелден ерекше құрмет тұтқан. Қыз – нәзік жанды, асыл тастай қымбат, ай мен күндей жарық жан деп бағаланған. Бір ауылдан екінші ауылға көшкенде қыз бала ақ атқа мінгізіліп, көштің алдына шығарылған. Мұның бәрі қазақ халқының тәрбиеге деген көзқарасының тереңдігін көрсетеді.
«Қыз баланың өмірге бейімделуінде жеңгелер институтының орны ерекше болған. Жеңгелер жас қызды ұят, иба, тазалық, ұқыптылық секілді қасиеттерге баулыған. Отбасындағы келешек өмірге дайындаған. Бұл – тәрбие мектебі еді. Қазіргі уақытта, өкінішке қарай, бұл тәрбие тетігі әлсіреп қалған. Көп жағдайда қыз баланы өмірге психологиялық дайындықтан гөрі, сыртқы әлемнің қатаң талаптары тәрбиелеп жатыр», – дейді Бибі ана.
Бүгінде психолог мамандар көбейіп, тәрбиеге қатысты кеңес беріп жүр. Алайда олардың кейбір ұстанымдары мен кеңестері ұлттық дүниетаныммен үйлесе бермейді. Осы орайда Бибі Еркінбекқызы өмірден алынған мына бір мысалды келтірді.
Бір әйел екінші рет тұрмысқа шығып, күйеуінің алғашқы некеден туған ұлы үйленбекші болады. Болашақ келіні жұмыс істейтін адам екен. Сонда өгей ана: «Мен күні бойы үй жинап, тамақ істеп, кешке келініме қызмет етем бе?» – деп, психологқа барып кеңес сұрайды. Психолог оған: «Сенің жеке кеңістігің бар. Сен неге жас келінге тамақ дайындап, үйін жинауың керек?» – дейді. Осы кеңес әйелге қатты әсер етіп, келін келген соң өз өмірін бөлек ұстап, отбасындағы қарым-қатынас шиеленісіп, ақыры баласы мен келіні үйден кетіп қалады.
Бұл мысал арқылы Бибі ана былай дейді:
«Біздің ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрімізге ешқандай батыстық көзқарас тең келмейді. Бізге солар емес, өз дәстүріміз жол көрсетуі керек. Ұлт тәрбиесі сырттан таңылған көзқараспен емес, өз тамырымыздан нәр алғанда ғана берекелі болмақ».
Қыз тәрбиесі – болашақ ананың, болашақ ұрпақтың тәрбиесі. Қазақ халқы қызды шариғатпен де, салтпен де қорғаған. Қыз баланың тәрбиелі болуы – отбасындағы тыныштықтың кепілі. Ал, отбасындағы тұрақтылық – елдегі береке мен бірліктің бастауы.
«Бүгінде рухани жаңғыруды ұран ретінде емес, өмір салты ретінде қабылдайтын уақыт келді. Ал, рухани жаңғыру отбасынан басталады. Ұлт болып ұйысу үшін алдымен отбасындағы тәрбиені, соның ішінде қыз балаға берілетін тәлім-тәрбиені түзеу керек. Себебі қыз – ұлттың ұяты, елдің ертеңі. Ел ішіндегі татулық та, діни тұрақтылық пен ұлттық бірлік те отбасындағы дұрыс тәрбиеден бастау алады. Қыз тәрбиесін дұрыс жолға қойсақ, ұлттық тамырымыз тереңдейді, мемлекетіміздің іргесі берік болады» — деді ардагер ұстаз.



