Кентау қаласында жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара өтті. Қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен №7 колледж студенттерімен «Құқықбұзушылыққа – жол жоқ!» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Бұл жиын – жас буынның құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты нығайту, этносаралық келісім құндылықтарын дәріптеу мақсатында қолға алынған кешенді жұмыстың бір бөлігі.
Кездесуге Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің Кентау қалалық филиалының басшысы Бағдат Әшірбаев, Кентау қалалық “Жастар ресурстық орталығы” заңгер маманы Бекнұр Шакиров және қалалық “Руханият” орталығының теолог маманы Ұлықбек Құлтай шақырылды. Сондай-ақ шараға колледждің оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттері белсене қатысты.
Баяндамашылар өз сөздерінде құқықтық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың абыройлы борышы екенін атап өтті. Б.Әшірбаев еліміздің қоғамдық тұрақтылығы мен татулығының басты кепілі – заңға құрмет пен өзара сыйластық екенін жеткізді. Ол жастардың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастырудың, заң талаптарын орындаудың маңызын атап, нақты мысалдар келтірді.
Заңгер Б.Шакиров жастар арасында жиі кездесетін әкімшілік құқықбұзушылық түрлерін, олардың салдарын түсіндіріп өтті. Ол сонымен бірге қазақстандық заңнаманың жастарға беретін мүмкіндіктеріне тоқталып, құқықтық сауаттылықты арттыру жолдарын ұсынды. «Әрбір жас өз құқығы мен міндетін білгенде ғана әділ қоғам қалыптасады» деп атап өтті ол.
Теолог Ұ.Құлтай жастардың діни сауатын арттыру және дәстүрлі құндылықтарды құрметтеу тақырыбын қозғады. Ол теріс ағымдарға ермеудің, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін төзімділік пен сыйластықты алға қоюдың маңызын түсіндірді.
Кездесу барысында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мамандардан толыққанды жауаптар алды. Талқылау форматында өткен әңгіме жастардың белсенділігін арттырып, құқықтық білімдерін нақтылауға сеп болды. Студенттер өз ойларын ашық айтып, құқықтық мәдениетті дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, өңірдегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға үлес қосады. Қала жастарының арасында құқықтық тәртіп пен әділдік қағидаттарын насихаттау – құқықбұзушылықтың алдын алудың маңызды қадамы болып саналады.
Кездесу соңында қатысушыларға құқықтық әдебиеттер мен ақпараттық парақшалар таратылды. Студенттер мұндай шаралар өздеріне ой салып, қоғам алдындағы жауапкершілікті тереңірек сезінуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Кентау қалалық ішкі саясат бөлімі алдағы уақытта да жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін көтеруге бағытталған түрлі форматтағы кездесулер мен семинарларды жалғастыруды жоспарлап отыр. Жастармен жүйелі жұмыс жүргізу – құқықбұзушылыққа қарсы тиімді күрестің кепілі екені айтылды.



