Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы бүгінде өңірлерде кең қолдау тауып, нақты нәтижелер беруде.
Айталық, аталған бағдарлама аясында Қазығұрт ауданында бір жылдан астам уақыт ішінде жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Әр аптаның сенбі күндері ауданның барлық мекемелері, ұйымдары мен тұрғындары жұмыла қатысатын сенбіліктер тұрақты түрде өткізіле бастады. Аулалар, көшелер, арық-атыздар мен қоғамдық орындар тазаланып, абаттандыру шаралары күн тәртібінен түспей отыр.
Өткен жылы еліміз бойынша өткізілген 5 апталық «Таза Қазақстан» акциясы «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» атауларымен өтті. Бұл бағыттар өңірлерге нақты жол картасын ұсынды.
2025 жылға арналған жоспар да бекітіліп, наурыз бен қараша айлары аралығында әр айға ерекше атау беріліп, тақырыптық бағыттар белгіленді. Соның нәтижесінде аудан бойынша 500-ден аса сенбілік өткізіліп, оған 2000-нан аса тұрғын белсенді қатысты. Әсіресе жастар мен мемлекеттік қызметкерлердің белсенділігі ерекше көзге түсті. Олар тазалық шараларының алдыңғы сапында жүріп, үлгі көрсете білді.
Бұл жұмыстарға аудан әкімдігімен қатар, білім беру, ішкі саясат, жастар ресурстық орталықтары, табиғатты қорғау мекемелері, “AMANAT” партиясы, еріктілер қозғалысы мен қоғамдық ұйымдар белсене атсалысты.
Сенбіліктер барысында көшелер, саябақтар, мектеп пен мекемелердің маңайы, мешіттер мен зираттар, демалыс орындары түгел қамтылып, күл-қоқыстан тазартылды, арықтар реттелді, ағаш отырғызу жұмыстары жүйелі жолға қойылды. Нәтижесінде, аудан көлемінде 100 000-нан астам ағаш көшеті (оның ішінде жапырақты, қылқан жапырақты және жеміс ағаштары), сондай-ақ 10 000-нан аса гүл мен сәндік бұта отырғызылды. Елді мекендердің әр ауласында, мекемелер маңында газон төселіп, бұталар ретке келтірілді, ағаш түптері әктелді. Сонымен қатар, жаңа жарық шамдары, орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылып, ауданның көркі айтарлықтай өзгерді.
Бұл игі бастамалар Қазығұрт ауданын тек экологиялық жағынан емес, әлеуметтік-мәдени тұрғыда да жаңа деңгейге көтеруде. Соның бір дәлелі ретінде Түркістан облысында бастау алған «Үлгілі ауыл» байқауын айтуға болады. Аталған конкурс аясында Шарбұлақ ауылы бас жүлдені жеңіп алып, 2025 жылы облыстық бюджеттен 550 млн теңге бөлініп, ауылда заманауи спорт кешенінің құрылысы басталды.
Халықтың белсенділігі мен жергілікті биліктің ұйымдастырушылық қабілеті ұштасқан тұста, Қазығұрт сияқты өңірлердің жаңарып, жайнай түсері анық. Қазығұрттықтар бұл жолда алдыңғы қатарда келеді.



