Бәйдібек ауданында Дүниежүзілік тазалық күніне арналған жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды. Игі бастамаға аудан әкімінің міндетін атқарушысы Бақыт Қырғызалиев бастаған аудан әкімдігі қызметкерлері, мекеме-бөлім басшылары, ауыл тұрғындары мен еріктілер белсене атсалысты.
Тазалық шарасы аясында аудан орталығы – Шаян елді мекенінің көшелері, қоғамдық орындары, арық-атыздар мен саябақ аумақтары тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Бос жатқан жерлердегі күл-қоқыс шығарылып, жасыл желектерге күтім жұмыстары жүргізілді.
Сенбілікке аудан бойынша барлығы 1260 адам қатысты. Оның ішінде 621 мемлекеттік қызметші, 143 ерікті және 496 ауыл тұрғыны еңбек етті. Шара нәтижесінде 24 тонна қоқыс шығарылып, тиісті орындарға жеткізілді.
Аудан басшылығы мұндай шаралардың басты мақсаты – елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасын табатыны да айтылды.
Дүниежүзілік тазалық күніне арналған сенбілік Бәйдібек ауданы тұрғындарының табиғатқа жанашырлықпен қарап, туған жердің көркіне үлес қосу жолындағы белсенділігін тағы бір мәрте көрсетті.



