Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиын барысында күн тәртібіндегі басты екі мәселе жан-жақты қаралып, қаладағы әлеуметтік-экономикалық даму мен мерекелік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты нақты тапсырмалар берілді.
Бірінші мәселе бойынша қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Жалғас Жақаев алдағы Жаңа жыл мерекесіне дайындық барысын егжей-тегжейлі баяндады. Ол мерекелік іс-шаралар кестесі, қала алаңдарын және қоғамдық орындарды безендіру жоспары, тұрғындар мен қонақтардың қатысуына арналған бағдарламалар жайлы толық ақпарат берді.
Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы мерекелік шаралар кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін басты назарда ұстаудың маңыздылығын атап өтіп, қалалық полиция бөлімі мен төтенше жағдайлар бөліміне барлық қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Мерекелік безендіру жұмыстарына байланысты қала әкімі «Жасыл қала» МКМ-на нақты нұсқаулар беріп, жұмыстардың белгіленген мерзімде және жоғары сапамен орындалуын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді. Әрбір безендіру элементі мен алаңдардың мерекелік көрінісі тұрғындар үшін қауіпсіз және қолайлы болуы тиіс екені тағы бір мәрте еске салды.
Аппараттық мәжілісте қаралған екінші мәселе – әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы. Қалалық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Илхам Азизбаев өткен кезеңдегі көрсеткіштер мен жоспарлардың орындалу қарқыны туралы баяндады. Оның айтуынша, кейбір салаларда бекітілген индикаторлардың орындалу деңгейі төмен болып, тиісті салаларда қосымша назар аударуды қажет етеді.
Осыған орай, қала әкімі тиісті сала басшыларына нақты ескертулер жасап, көрсеткіштердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін жұмыстарды жүйелендіруді, бақылауды күшейтуді және жауапкершілікті арттыруды тапсырды.



