Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, аталған бастама ауыл-аймақтарды қоқыстан арылтып қана қоймай, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін де күн тәртібіне шығарды.
Айталық, Түлкібас ауданында осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынуда. Аудан әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен аудан аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының қазіргі жағдайы саралап, алдағы жоспарларды нақтылау мақсатында арнайы жиын өтті. Басқосуға жауапты сала басшылары мен білікті мамандар қатысты.
Жиында аудан бойынша қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жай-күйі жан-жақты талқыланды. Мәселен, 2022 жылға дейін аудан аумағында 13 қоқыс полигоны жұмыс істеген болса, қазіргі таңда олардың 8-і толық жабылып, 3 полигонды жабу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде тек 2 полигон, яғни аудан орталығы мен Састөбе кентіндегі қоқыс полигондары ғана жұмыс істеп тұр.
Аудан орталығында орналасқан аумағы 10 гектарды құрайтын полигонға 10 ауылдық округтің тұрмыстық қалдықтары тасымалданса, Састөбе кентіндегі 3 гектарлық полигонға 5 ауылдық округтің қоқыстары жеткізілуде.
Жиын барысында аудан орталығындағы қоқыс полигонын елді мекеннен алшақ, экологиялық талаптарға сай жаңа әрі қолайлы орынға көшіру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Бұл бастама аудан орталығы аумағының жыл сайын кеңеюін ескере отырып қолға алынып отыр. Аталған жоба жүзеге асқан жағдайда, жаз мезгілінде полигоннан тарайтын жағымсыз иістер мен өрт орын алған жағдайда пайда болатын қою түтіннің елдімекендерге кері әсері азаятын болады.
Сонымен қатар, жиында аудан аумағынан қоқыс полигонын орналастыруға қолайлы жерлер толықтай сараланып, басқосудан кейін білікті мамандардың келісімімен Жабағылы ауылдық округінен, округ орталығынан 5 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан жер телімі зерделенді. Зерделеу барысында экологиялық талаптарға сәйкес қашықтық сақталуы, жел бағыты кезінде ауылдарға жағымсыз иістің жетпеуі, сондай-ақ сұрыптаудан кейін қалған тұрмыстық қалдықтарды көмуге ыңғайлылығы жан-жақты ескерілді.
Аудан басшысы жауапты орынбасарына аталған жер телімінің меншік иесін анықтап, оны заңдастыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Полигондарды жүйелеу, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бағытындағы жұмыстарды кезең-кезеңімен іске асыру қажеттігін атап өтті.



