Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Осы басымдықтар аясында елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өңірлерде кең қолдау тауып отыр.
Аталған бастама аясында Келес ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шаралары республикалық маңызы бар «А-15» автожолының бойында, сондай-ақ ауылдар мен ауылдық округтердің аумақтарында қатар жүргізілді. Негізгі мақсат – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің көркін арттыру және тұрғындар арасында тазалық мәдениетін нығайту.
Сенбілікке аудандық әкімдік бөлімдерінің қызметкерлері, ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары, сондай-ақ жергілікті тұрғындардан құралған 300-ге жуық адам белсенді атсалысты. Қатысушылар бірлесе отырып, ұзақ уақыт бойы жиналған тұрмыстық қалдықтарды тазалап, қоғамдық орындарды ретке келтірді.
Іс-шара барысында аудан аумағындағы 50-ден астам ішкі көше мен жол жиектері тазартылып, демалыс орындары мен әлеуметтік нысандардың маңайы қоқыстан аршылды. Нәтижесінде шамамен 3 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық жиналып, арнайы белгіленген орындарға шығарылды.
Айта кету керек, Президент Жолдауларында экологиялық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі екені бірнеше мәрте атап өтілген. Осы бағытта ұйымдастырылып отырған мұндай сенбіліктер тек бір реттік тазалау шарасы ғана емес, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға, қоршаған ортаны аялауға тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Алдағы уақытта Келес ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға басымдық берілмек.



