Қазақ әу бастан ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген, оны ұлттың болашағымен тікелей байланыстырған кемел халық. Қыз баланың тәрбиесіне «қырық үйден тыю» деп қараса, ұл баланы он үшке келгенде «отау иесі» деп танып, жауапкершілік жүктеген.
Кентау қалалық мәслихат депутаты, Кентау қаласының құрметті азаматы, көпбалалы ана, Әл-Фараби мектеп-гимназиясының директоры Жұмангелдиева Гүлдариға Жаппарқұлқызы осы мәселеге ерекше тоқталып, бүгінгі қоғамдағы тәрбиеге қатысты ойымен бөлісті.
«Біздің ұлтымызды ұрпақ тәрбиесі жағынан басқа ешбір ұлтпен салыстыруға болмайды. Тәрбиенің нағыз алтын діңгегі – қазақы тәрбие», – дейді ол «Дәстүр» студиясына берген сұхбатында.
Соңғы жылдары көп айтылатын тақырыптың бірі – бұрынғы қазақ қыздары мен қазіргі қазақ қыздарының арасындағы алшақтық. Мұны кейбіреулер «заман өзгерді» деп түсіндіреді. Алайда, Гүлдариға Жаппарқұлқызы бұл пікірмен келіспейді.
«Заман өзгеріп жатқан жоқ. Заманда ешнәрсе жоқ. Өзгеріп жатқан біздің өзге әлемдерден келген, тілімізге, дінімізге, әдет-ғұрпымызға жат нәрселерге еліктеуіміз», – дейді Гүлдариға Жаппарқұлқызы.
Дінімізде де, дәстүрімізде де отбасы – шағын мемлекет. Ал, сол мемлекеттің іргетасын қалаушы – әке мен ана. Ұрпаққа дұрыс тәрбие берілген жерде дінге де, салт-дәстүрге де нұқсан келмейді.
«Ұлды ұл етіп, қызды қыз етіп тәрбиелейтін – әке мен ана. Әке ұлын ертіп жүріп ісімен үйретсе, ана қыз баласына үй ішіндегі тәртіпті, күтімді, қонақ күту әдебін үйретуі керек», – дейді Гүлдариға Жаппарқұлқызы.
Ұлттық салт-дәстүрдің ең бір көркем көрінісі – қонақжайлық. Қонақты қарсы алу, дастархан жаю, әркімнің өз орнын білуі – қазақы тәрбиенің ажырамас бөлігі. Мұның бәрі балаға кішкентай кезінен үйретілсе, салтымыз ешқашан әлсіремейді. Бұрынғы қазақ қыздарының бойында ұяңдық пен биязылық басым болды. Ал, бүгінгі күні еркіндік пен жариялылық алдыңғы орынға шықты. Бұрын «ұят болады» деген бір ауыз сөзбен-ақ көптеген мәселе шешілетін.
«Бала тәуліктің үштен бір бөлігінде ғана мектепте болады. Қалған уақытта үйде. Сондықтан жауапкершіліктің басым бөлігі ата-ананың мойнында», – дейді Гүлдариға Жаппарқұлқызы.
Гүлдариға Жаппарқұлқызы өз отбасындағы тәрбие тәжірибесімен де бөліседі. Оның айтуынша, ұлттық салт-дәстүрді сақтау – сөзбен емес, іспен жүзеге асуы керек.
«Бұрын үйлердің арасында қоршау болмайтын. Бір үйде бауырсақ піссе, бәріміз жүгіріп барып жей беретінбіз. Сол көрініс мен үшін өте ыстық», – дейді ол.
Ол өз балаларына тандырға нан жауып, нан мыжып беріп өсірген. Қолмен жеген ас берекелі деп есептейді. Күбіге май пісіп, сиыр сауып, қазы жасауға дейін балалардың көзінше істеген.
«Балаларым салт-дәстүрді музейден көрмей, үйден көріп өсті», – дейді көпбалалы ана.
Дастархан басындағы тәртіп те – тәрбиенің үлкен мектебі. Ата, әже, ене, келін, қыз баланың өз орны болуы – ғасырлар бойы қалыптасқан тәртіп. Асыл дінімізде де үлкенге құрмет – имандылықтың белгісі. Өмірден өткен ата-бабаларды еске алып, жеті шелпек пісіру, дұға жасау – рухани сабақтастықтың көрінісі.
«Біздің дініміз де, салт-дәстүріміз де өте керемет. Оны сақтасақ – ұлт ретінде сақталамыз», – дейді Гүлдариға Жаппарқұлқызы.
Шынында да, ұлттың болашағы – тәрбиелі ұрпақта. Ал, тәрбиелі ұрпақ – дін мен дәстүрді бойына сіңірген отбасында қалыптасады. Отбасы түзелмей, қоғам түзелмейді. Қыз тәрбиесі түзелмей, ұлт тәрбиесі түзелмейді. Бұл – кешегі ата-бабадан қалған аманат, бүгінгі буынның жауапкершілігі, ертеңгі елдің тағдыры.



