Кентау қаласында дін саласындағы тұрақтылықты сақтау, діни экстремизм мен теріс діни ағымдардың алдын алу, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында бірқатар мекемелерде ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды. Аталған шаралар жасөспірімдер, жастар және еңбек ұжымдары арасында діни сауаттылықты арттыруға бағытталды.
Алдымен Кентау қаласы Ш.Қанайұлы атындағы №2, Б.Момышұлы атындағы №12 және Ә.Бөкейханов атындағы №23 жалпы білім беретін мектептерінің оқушыларымен кездесу өтті. Іс-шараға Түркістан облысы дін істері басқармасы жанындағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Қ.Мырзабай, Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің инспекторы Б.Самбетов, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і Кентау қалалық филиалының басшысы Б.Әшірбаев, сондай-ақ Кентау қалалық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі С.Мырзахметов қатысты.
Кездесу барысында мамандар оқушыларға дін саласындағы тұрақтылықтың маңызы, діни экстремизм мен жат діни ағымдардың қоғамға тигізетін кері әсері туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды құрметтеу, ата-баба дәстүрін сақтау және зайырлы мемлекет қағидаттарын ұстанудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Шетелде діни білім алудың қауіпті тұстары да қозғалып, жасөспірімдерді күмәнді діни ақпарат көздерінен сақ болуға шақырды.
Одан кейін Кентау қаласындағы Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі №1 мекемесінің қызметкерлерімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесуге «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің теолог мамандары М.Шермухамед пен Ш.Нұрулла қатысып, «Жат діни идеология жақтаушыларының мақсаты», «Жат ағымның жастарға әсері», «Деструктивті діни ағым мүшелерінің портреті» тақырыптарындағы ақпараттық бүктемелерді таныстырды. Мамандар радикалды идеологиялардың жастарды психологиялық тұрғыда иландыру тәсілдеріне тоқталып, мұндай қауіптің алдын алуда дұрыс ақпарат пен саналы таңдаудың рөлі зор екенін жеткізді.
Сонымен қатар Кентау қаласы Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайы қызметкерлерімен де мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараға «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің теолог мамандары Ш.Нұрулла мен А.Ибраева, орталықтың ұлттық құндылықтарды дәріптеу бөлімінің маманы Б.Самбетов, ҚХА жанындағы ақсақалдар алқасының мүшесі Ә.Нұрымбетов, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің заңгері Б.Шакиров, сондай-ақ Кентау қалалық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілдері – полиция аға лейтенанты Досбол Файзуллаұлы мен полиция лейтенанты Айдын Талғатұлы қатысты.
Кездесу барысында дін саласындағы тұрақтылықты сақтау, діни экстремизм мен теріс діни ағымдардың алдын алу, заң талаптарын сақтау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Құқық қорғау органдарының өкілдері радикалды ағымдарға байланысты құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершіліктерге тоқталып, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әрбір азаматтың жауапкершілігін атап өтті.
Жалпы, өткізілген ақпараттық-түсіндіру кездесулері тұрғындар мен еңбек ұжымдарының діни сауаттылығын арттыруға, жастарды жат идеологиялардан сақтандыруға және қоғамда бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.



