Сауран ауданында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамының 2025 жылы атқарған жұмыстары және 2026 жылға арналған жоспарлары бойынша мәжіліс өтті. Жиында аудан аумағын көгілдір отынмен қамту барысы, газ инфрақұрылымын дамыту және алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер кеңінен қаралды.
Басқосуға «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Түркістан өндірістік филиалы директорының орынбасары Ақиқат Абдуллаев, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Түркістан өндірістік филиалына қарасты Сауран газ шаруашылығының директоры Сейтмұхаммед Қошқарбаев, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты. Мәжілістің күн тәртібіне екі мәселе енгізілді.
Жиынды ашқан аудан әкімі газбен қамту жұмыстары тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Аудан басшысы газ инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту, қолданыстағы желілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындармен кері байланысты күшейту қажеттігіне тоқталды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асылбек Қанағат баяндама жасап, Сауран ауданын газбен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралар туралы жан-жақты ақпарат ұсынды.
Екінші мәселе бойынша «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Түркістан өндірістік филиалына қарасты Сауран газ шаруашылығының директоры Сейтмұхаммед Қошқарбаев сөз алып, 2025 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелерін және 2026 жылға арналған жоспарларды таныстырды. Баяндамасында газ желілерін жаңғырту, техникалық қызмет көрсету және қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мәжіліс барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, бірқатар ұсыныстар айтылды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров көтерілген сын-ескертпелер мен ұсыныстарды хаттамаға енгізуді тапсырып, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті бөлім басшыларына жедел шешім қабылдап, белгіленген жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.



