Ағымдағы жылдың 7 ақпан күні аудан аумағында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Мақтаарал ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Бұл шара қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды.
Сенбілікке аудан бойынша 1700-ге жуық адам белсенді қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен еріктілер бар. Қатысушылар бірлесіп елді мекен көшелері, қоғамдық орындар, жол жиегі мен ашық аумақтарды тазалау жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде бей-берекет тасталған 8,5 тонна қоқыс арнайы полигондарға шығарылды. Тазалық жұмыстарын тиімді әрі уақытылы ұйымдастыру үшін 17 дана арнайы техника жұмылдырылып, қоқыс шығару және тасымалдау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.
Сенбілік тек қоқыс жинаумен шектелмей, көктем мезгілінде жүргізілетін көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына дайындықты қамтыды. Алдағы уақытта егілетін көшеттерге арналған орындар белгіленіп, жер жырту, арық алу, шұңқыр қазу сияқты жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылатын болады. Бұл шаралар аудан аумағын жасыл желекке бөлуге, экологиялық ахуалды жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлерінің бірлесіп атқарған сенбілігі – «Таза Қазақстан» бағдарламасының нақты нәтижесін көрсететін жарқын үлгі. Осындай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, ауданның тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосатын болады.



