Кентау қаласы Сәтпаев көшесінің тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – тұрғындардың, әсіресе жастардың діни сауаттылығын арттыру, жат діни идеологиялардың қауіпті тұстарын түсіндіру және деструктивті ағымдардың алдын алу болды.
Түсіндіру жұмыстарына Кентау қалалық Руханият орталығы КММ-нің ұлттық құндылықтар инспекторы Э.Дюсенбиева мен жас социолог маман С.Түгелбаева қатысты. Кездесу барысында мамандар тұрғындармен ашық әңгіме өрбітіп, қазіргі қоғамда кең таралып отырған радикалды және жат діни идеологиялардың негізгі белгілеріне тоқталды.
Атап айтқанда, «Жат діни идеология жақтаушыларының мақсаты», «Жат ағымның жастарға әсері», «Деструктивті діни ағым мүшелерінің портреті» тақырыптарында арнайы дайындалған ақпараттық бүктемелер таратылып, олардың мазмұны жан-жақты түсіндірілді. Мамандар деструктивті ағымдардың қоғам бірлігіне, отбасылық құндылықтарға және жастардың болашағына тигізетін кері әсерін атап өтіп, мұндай қауіптің алдын алуда ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі дүниетанымның маңыздылығына ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, тұрғындарға күмәнді діни ақпарат көздерінен сақ болу, әлеуметтік желілердегі жалған уағыздарға ермеу және кез келген діни мәселе бойынша білікті мамандардан кеңес алу қажеттігі түсіндірілді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрғындар тарапынан қолдау тауып, өзекті мәселелер бойынша сұрақ-жауап форматында жалғасты.



