Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдық және қала аумақтарын әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін басты міндет ретінде атап өтті. Осы тапсырмаға сәйкес, бүгін Сауран ауданы аумағында санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, республикалық маңызы бар Түркістан – Шымкент, Түркістан – Кентау және Түркістан – Қызылорда бағыттарында кең көлемді тазалық шаралары ұйымдастырылды.
Жол бойын ретке келтіру үшін 13 арнайы техника және 400-ге жуық адам жұмылдырылды. Тазалық жұмыстары аясында жол жиектері қоқыс үйінділерінен тазартылып, бей-берекет тасталған тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Сонымен қатар, көгалдандыру және көркейту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді: ағаштар ретке келтіріліп, тал бұтау және тал әктеу жұмыстары атқарылды. Қураған шөптер шабылып, өрт қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға және өңірдің келбетін жақсартуға бағытталған. Бұл шаралар Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес жүзеге асырылып отырған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүргізілуде.
Тазалық – баршамызға ортақ жауапкершілік. Жергілікті әкімдік тұрғындарды қоғамдық орындарда тазалықты сақтауға шақырады.



