Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өңірдегі маңызды гидротехникалық нысандардың бірі – Ақтөбе су қоймасына арнайы барып, оның техникалық жағдайын және қауіпсіздік шараларын тексерді. Жоспарлы тексеріс барысында су тасқынының алдын алу, құрылыс элементтерінің беріктігін сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды.
1988 жылы пайдалануға берілген Ақтөбе су қоймасы 880 гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 6,11 млн текше метр сыйымдылыққа ие. Су айдынының аумағы 1,30 шаршы шақырым, тереңдігі 14 метр, ұзындығы – 1 750 метрді құрайды. Бұл нысан өңірдің ауыл шаруашылығы мен сумен жабдықтау саласында стратегиялық маңызға ие болып отыр.
Аудан әкімі нысан басында жауапты сала мамандарымен кездесті. Мамандардың мәліметінше, қазіргі уақытта су қоймасы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қашыртқы жүйе секундына 60 текше метр су тастауға қабілетті, ал бас су бөлгіш құрылымы арқылы секундына 2 текше метр су жіберіледі. Бұл деректер су қоймасының қауіпсіз жұмыс істеу қабілетін және суды реттеуді қамтамасыз ететінін көрсетеді.
Мақсат Таңғатаров гидротехникалық құрылыстардың беріктігін сақтау, жағалауды бекіту, су өткізу арналарының тазалығын қамтамасыз ету және нысан айналасын бақылауды күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті.
Су қоймасының тұрақты және қауіпсіз жұмыс істеуі – аудан тұрғындарының, егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етудің және жалпы өңірдің экологиялық қауіпсіздігінің кепілі. Жоспарлы тексерістер мен профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізіліп, гидротехникалық нысандардың жағдайы қатаң бақылауда болады.



