Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбиелік жүйесі бар. Ол – ұрпақты ұятпен, иманмен, обал-сауапты сезінумен тәрбиелеу. Осы құндылықтардың бүгінгі қоғам үшін маңызын қалалық мәслихат депутатының төрағасы Елеусізов Қабылан Жамалбекұлы жиі айтып келеді.
«Біздің ата-бабамыз кезінде елді, ұрпақты үш-ақ ұғыммен тәрбиелеген. Ол – «ұят болады», «Құдайдан қорық», «обал болады» деген сөздер. Осы үш ауыз сөздің өзінде тұтас бір тәрбие, өмірлік ұстаным жатыр. Егер бүгінгі күні де осы қағидаларды берік ұстансақ, қоғамда көптеген келеңсіздіктер болмас еді», — дейді ол.
Расында да, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы тұнып тұрған тәрбие мектебі. Ұятты білу – арды сақтау, Құдайдан қорқу – имандылықтың белгісі, обалды сезіну – адамгершіліктің өлшемі. Бұл ұғымдардың барлығы асыл дініміз исламның негіздерімен толық үндеседі. Исламда да ар-намысты қорғау, адал болу, өзгенің ақысына қол сұқпау басты қағидалар саналады. Қабылан Жамалбекұлы қазіргі таңда кейбір келеңсіз жағдайлардың орын алуын сырттан келген жат мәдениеттердің, бөтен салт-дәстүрлердің ықпалымен байланыстырады.
«Шетел мәдениетінің ықпалы артқан сайын ұлттық болмысымызды сақтау мәселесі өткір тұр. Бала отбасында қандай тәрбие көрсе, ертең солай қалыптасады. Әсіресе, әлеуметтік желілердің әсері күшейіп тұрған заманда тәрбиеге бұрынғыдан да көп көңіл бөлу қажет», — дейді депутат.
Ұлттық болмысты сақтау тек отбасының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл бағытта мемлекет тарапынан да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның бірі – ел көлемінде қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы. Бұл бастама тек тазалықты ғана емес, ел бірлігін, татулық пен жауапкершілікті нығайтуды көздейді.
«Бірге жұмылу, ел болып ортақ іске атсалысу – ата-бабамыздан келе жатқан жол. Бұл да салт-дәстүрімізде бар. Бірлік бар жерде тірлік бар екенін халқымыз баяғыдан білген», — дейді Қабылан Жамалбекұлы.
Жастарды ұлттық құндылықтарға баулу мақсатында қала көлемінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Ұлттық ойындардан жарыстар өткізу, тәрбиелік кездесулер, мәдени шаралар мұның барлығы жас ұрпақтың бойына салт-дәстүрге деген құрметті сіңіруді мақсат етеді.
«Мұндағы басты мақсат – дәстүрімізді ұмыттырмау, оны жалғастыру. Жастар салт-дәстүрін білген елдің болашағы берік болады», — дейді ол.
Қалалық мәслихат депутаттары мектеп оқушыларымен де жиі кездесіп, тәрбиелік бағытта әңгімелер өткізеді. Бұл кездесулерде дін мен дәстүрді сабақтастыра отырып, жастарды дұрыс жолға бағыттау көзделеді.
«Біздің ата-аналарымыз да тәлім-тәрбиені салт-дәстүріміз бен дінімізден алып, біздің бойымызға сіңірді. Енді сол құндылықтарды бүгінгі ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз», — дейді Қабылан Жамалбекұлы.
Оның айтуынша, дін мен дәстүрді насихаттау арқылы келер ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға болады. Себебі, ата-анасын сыйлаған бала ертеңгі күні елін де сыйлайды. Қоршаған ортаны құрметтеген адам туған жерін де қадірлейді.
«Жастар бірінші кезекте ата-анасын сыйласа, елін, жерін құрметтесе, қоршаған ортаны аяласа, Отанын шын жүрегімен сүйсе деймін. Сонда ғана елі үшін, жері үшін аянбай еңбек ететін, ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтайтын ұрпақ қалыптасады», — деп түйіндейді ол.
Дін мен дәстүр – бір-бірінен ажырамас егіз ұғым. Осы екеуі қатар жүрген қоғамда береке бар, тұрақтылық бар, елдің іргесі берік болады. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау өткенге оралу емес, болашақты баянды ету екенін ұмытпайық!



