Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Бөген су қоймасына арнайы барып, нысанның техникалық жағдайымен танысты. Жұмыс сапары барысында гидротехникалық құрылыстардың беріктігі, бөгеттер мен су реттеу құрылғыларының жұмыс режимі тексеріліп, қауіпсіздік шаралары пысықталды.
Бөген су қоймасының жобалық сыйымдылығы – 370 млн текше метр. Қазіргі уақытта нысанда 245 млн текше метр су жинақталған, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 55 млн текше метрге аз. Су қоймасы Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран су» ШЖҚ МКК теңгерімінде орналасқан.
Тексеру барысында мамандар гидротехникалық құрылымдардың техникалық жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап, апатты немесе қауіп төндіретін жағдайдың жоқ екенін хабарлады. Су деңгейі белгіленген қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді, бөгеттер мен су тастау, су реттеу құрылғылары тұрақты бақылауда ұсталуда. Қазіргі кезде төтенше жағдайлар тіркелмеген.
Аудан әкімі Азат Оралбаев жауапты мамандарға су қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрақты мониторинг жүргізу және су нысандарын қатаң бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Ол гидротехникалық нысандардың техникалық жай-күйін тұрақты түрде тексерудің, алдын алу жұмыстарын уақытылы ұйымдастырудың тұрғындардың қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы үшін маңызды екенін атап өтті.
Бөген су қоймасы аудан экономикасы мен ауыл шаруашылығы үшін стратегиялық мәнге ие нысан болып табылады. Оның қауіпсіз және штаттық режимде жұмыс істеуі ауылдық елді мекендерді суармалық сумен қамтамасыз етуге, егістік алқаптарды тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік береді.



