Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өткен болатын. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында Қазығұрт ауданында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында жалпыаудандық сенбілік өткізілді.
Сенбілік аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде бір мезетте ұйымдастырылды. Тазалық шарасына мемлекеттік қызметкерлер, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласының өкілдері, жастар ұйымдары мен белсенді тұрғындар кеңінен тартылып, қоршаған ортаны қорғау мен көркейту ісіне бір кісідей жұмылды.
Тазалық жұмыстары барысында елді мекендердегі көшелер мен аулалар, саябақтар мен қоғамдық орындар ретке келтірілді. Арық-атыздар тазартылып, ретсіз тасталған тұрмыстық қалдықтар жиналды. Сонымен қатар арнайы коммуналдық техникалардың көмегімен жиналған қоқыс пен құрылыс қалдықтары белгіленген полигондарға шығарылды.
Жалпыаудандық сенбілік тек бір реттік шара емес, ол тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға, тазалықты күнделікті дағдыға айналдыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Аудан әкімдігі алдағы уақытта да осындай сенбіліктерді тұрақты түрде өткізіп, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға басымдық беретінін жеткізді.
Қоршаған ортаны қорғау – ортақ міндет. Осы орайда Қазығұрт ауданының тұрғындары туған жердің тазалығы мен көркіне бейжай қарамай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға белсенді үлес қосуға шақырылады.



