Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында ауылдық елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету міндетін басты бағыт ретінде атап өтті. Осы тапсырма аясында, Сарыағаш ауданында шалғай орналасқан елді мекендердің тұрғындары үшін табиғи газ желілерін іске қосу жұмыстары жүріп жатыр.
Жылға ауылдық округіндегі Шайхана және Қарақалпақ елді мекендерінің тұрғындары үшін бұл – көптен күткен тарихи оқиға болды. Аудан әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Жәнібек Сүлейменов, Уалихан Рахиев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы және жауапты сала өкілдері елді мекендерге барып, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ауыл тұрғындары атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, ақсақалдар елдің амандығын тілеп, ақ баталарын берді.
Айта кетсек, Жылға ауылдық округіне қарасты Шайхана және Қарақалпақ елді мекендерін газдандыру бойынша құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында басталып, 2026 жылдың қаңтар айында толық аяқталды. Нәтижесінде екі елді мекенде 207 абонент табиғи газға қосылды. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын едәуір арттырып, энергия үнемдеуге және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Сарыағаш ауданына қарасты 63 елді мекеннің 55-і табиғи газбен қамтылып, қамту көрсеткіші 87,3 пайызға жетті. Сонымен қатар, 3 елді мекенде газбен қамту бағытында құрылыс жұмыстары жүргізілуде, ал 5 елді мекенде жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде.
Аудан әкімдігі алдағы уақытта да газбен қамту жобаларын уақытылы жүзеге асыруды қатаң бақылауда ұстап, шалғай елді мекендер тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.
Тұрғындар үшін «көгілдір отынға» қосылу – жайлы, қауіпсіз және заманауи тұрмысқа бір қадам жақындау, ал аудан үшін бұл – инфрақұрылымды дамыту мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің нақты көрінісі болып отыр.



