Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында әлеуметтік әлсіз топтарға, соның ішінде жалғызбасты қарттарға қолдау көрсетуді және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруды ерекше міндеттеген болатын. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде маңызды әлеуметтік шара өткізілді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жалғызбасты қарт адамдарға тұрмыстық көмек көрсету, олардың тұрмыстық жай-күйін жақсарту және экологиялық тәртіпті насихаттау болды. Шараға облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ерікті жастары мен жауапты мамандары қатысты. Олар қарт азаматтардың үйлеріне барып, тазалық жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ күнделікті өміріне қажетті әлеуметтік қолдау көрсетті.
Іс-шара барысында экологиялық тәртіптің маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Дінислам Бимаханбетов тұрғындарға экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тазалықты күнделікті өмірдің дағдысына айналдыру жолдарын түсіндірді.
– Бұл бастама «Таза Қазақстан» жобасының негізгі бағыттарына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Оның мақсаты – қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға, жастардың еріктілік қызметке белсенді қатысуына және экологиялық сана-сезімді нығайтуға бағытталған. Іс-шараға облыстық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, белсенді жастар, еріктілер мен қоғам өкілдері қатысты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, – деді сала маманы.
Айта кетейік, 2025 жылы Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7 263 тазалық шарасы өткізілді. Экологиялық бастамаға 1 миллионнан астам тұрғын қатысып, 7 мың техника жұмылдырылды. Көшелерде, қоғамдық орындарда, аулалар мен саябақтарда тазалау жұмыстары тұрақты жүргізілді. Нәтижесінде 1 миллионнан астам көшет отырғызылып, 16 624 тонна қоқыс шығарылды.
Бұл әлеуметтік-экологиялық шаралар өңірдегі азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, қарттар мен әлеуметтік әлсіз топтарға қамқорлық көрсетуге, сондай-ақ Түркістан облысының табиғи ортасын сақтауға бағытталған маңызды қадам болып отыр.



