Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен қалаға қарасты ауыл әкімдерінің есеп беру жиыны өтті. Жиын барысында Ащысай, Байылдыр, Хантағы және Қарнақ ауылдарының әкімдері өткен жылы атқарылған жұмыстар мен 2026 жылға жоспарланған жобалар жөнінде баяндама жасады.
Ащысай ауылында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, балалар ойын алаңшасы салынып, ауыл көшелеріне жарық бағаналары мен сымдары жаңартылатын болады. Көпқабатты тұрғын үйлерде құрылыс жұмыстары жүргізіліп, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігін дамыту бағытындағы жобалар іске асырылатын болады.
Байылдыр ауылы 2025 жылы облыстық «Үздік ауыл» байқауында жеңімпаз атанғаны үшін, ауылда жаңа заманауи спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынады. Жоба ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтына баулып, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауыл көшелеріне ойын алаңшалары салынып, айналма жол бойына жарық бағаналары орнатылып, Абай және Ж.Жангелдин көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ауыл аумағында саябақ демалыс аймағы да құрылады.
Хантағы ауылында экологиялық туризмді дамыту мақсатында «Визит орталығы» салынады. Мұнда туристерге арналған қонақ үйлер мен демалыс орындары қарастырылып, келушілер Қаратау қорығы аумағымен таныса алады. Сондай-ақ, орталықта Қазақстанның Қызыл кітабына енген Қаратау арқары, ителгі құсы және өңірдің өсімдіктер мен жануарлар дүниесі насихатталатын болады.
Қарнақ ауылында спорт кешені салу, газ құбырларын жүргізу, жаңа аймақтарға инженерлік инфрақұрылым тарту және өрт сөндіру бекеттерін құру сияқты бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, ауылда құрылған өндірістік аймаққа жергілікті кәсіпкерлерді тарту және ірі ауыл шаруашылығы жобаларын жүйелі түрде жүзеге асыру жұмыстары күшейтіледі.
Жиын қорытындысында қала әкімі ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындаудың маңызды екенін атап өтті.



