gazetakentau
Кентау Gismeteo

ҚАЗ РУС

  • Қоғам
  • Заң
  • Билік
  • Білім
  • Мәдениет
  • Дерекқор
  • Спорт
  • Таным
  • Сұхбат
  • Анықтама
No Result
View All Result
  • Қоғам
  • Заң
  • Билік
  • Білім
  • Мәдениет
  • Дерекқор
  • Спорт
  • Таным
  • Сұхбат
  • Анықтама
No Result
View All Result
gazetakentau
No Result
View All Result
Home Жаңалықтар

«Дәстүрімізді дәріптеу, дініміздегі ізгі құндылықтарды ұстану – ұлт ретінде сақталуымыздың басты кепілі»

9 февраля, 2026
in Жаңалықтар, Қоғам
0
«Дәстүрімізді дәріптеу, дініміздегі ізгі құндылықтарды ұстану – ұлт ретінде сақталуымыздың басты кепілі»
Share on FacebookShare on Twitter

Хантағы ауылының №2 кітапхана филиалының кітапханашысы, қаламыздың дәстүрлі әншісі Махамбетдиярова Шолпан Аханқызы өнер мен руханиятты қатар алып жүрген жан. Өнер адамы ретінде де, кітапханашы ретінде де ол ұлттық құндылықтарға, салт-дәстүрімізге айрықша мән береді. Өйткені, дәстүр – тек өткеннің сарқыншағы емес, ол – бүгінгі тәрбиенің өзегі, ертеңгі болмысымыздың кепілі.
Шолпан Аханқызының айтуынша, қазақтың әрбір салтында терең мағына, тәрбиелік тағылым жатыр. Мәселен, шілдехана тойында бесікті ең әуелі аластап жатады. Бұл – жамандықтан сақтасын, баланың өмірі таза, жарқын болсын деген ниеттен туған ырым. Қыз ұзатар сәтте әкесінен бата алуы – әкенің ақ тілегі мен рұқсатын алу, ал келіннің оң аяқпен аттауы – «жолы оң болсын» деген ізгі ниеттің белгісі. Осындай ырым-тыйымдардың бәрі халқымыздың дүниетанымымен, сенімімен, өмірлік философиясымен тығыз байланысты.
Дәстүрімізде, дінімізде әрбір істі жақсы ниетпен бастау, үлкеннің батасын алу – сауапты әрі құптарлық амал. Қазақ «Батаменен ел көгерер» деп бекер айтпаған. Бата – жай ғана тілек емес, ол – үлкеннің ақ жүректен шыққан дұғасы, рухани қолдауы. Ислам дінінде де ата-ананың, үлкеннің батасын алу, разылығын табу – үлкен сауап. Сондықтан, бата беру дәстүрі халқымыздың болмысымен біте қайнасқан құндылық.
Қарапайым ғана тұрмыстық дәстүрлердің өзі тәрбиенің бастауы екенін ұмытпауымыз керек. Мысалы, қонаққа немесе үлкенге қолға су құю дәстүрі – құрметтің белгісі. Шолпан Аханқызы бала күндерінде балалардың «мен құяйыншы» деп таласатынын еске алады. Себебі, олар бата алуды, үлкеннің ықыласына бөленуді қалап тұратын.
Сол сияқты үйде келінге табақ тартқызу, сәлем салдыру – әулеттің бірлігін, үлкенге деген ізетті білдіретін ғұрыптар. Келін сәлем салғанда оған да бата беріледі. Бұл – жас отбасының берекелі болуына, ынтымағының артуына бағытталған ізгі дәстүр. Әрбір салт-дәстүрдің астарында үлкен мән, терең тәрбиелік мазмұн жатыр. Егер осындай қарапайым дәстүрлерді отбасында күнделікті өмірде ұстансақ, олар жат көрінбей, қалыпты өмір салтына айналады. Дәстүр тек мереке күндері ғана еске түсетін дүние болмауы тиіс. Ол күнделікті тіршіліктің бір бөлшегі болуы керек. Сонда ғана ұлттық болмысымыз берік сақталады.
«Бүгінгі жастардың өмірі бұрынғы буынмен салыстырғанда мүлде басқа арнада өрбіп жатыр. Ақпарат көп, уақыт тығыз, өмір қарқыны жылдам. Дегенмен, бұл ұлттық құндылықтардан қол үзуге себеп болмауы тиіс. Керісінше, осындай заманда дәстүрімізге, дінімізге арқа сүйеу – рухани тірегімізді нығайтады.
Жастарға бата алып жүруді, үлкенге құрмет көрсетуді, салт-дәстүрді тұрмыста қолдануды үйрету – әр отбасының міндеті. Ұлттық тәрбиені сөзбен емес, іспен көрсету маңызды. Бала көргенін қайталайды. Үйінде ата-анасы үлкенге ізет білдіріп, бата сұрап, дәстүрді ұстанып отырса, ол да соны бойына сіңіреді. Қазақ деген қасиетті атауды сақтап қалу тек тілмен немесе ұранмен емес, күнделікті өмірдегі әрекетпен жүзеге асады. Дәстүрімізді дәріптеу, дініміздегі ізгі құндылықтарды ұстану – ұлт ретінде сақталуымыздың басты кепілі», — дейді Шолпан Аханқызы.
Өнер мен кітапты, руханият пен тәрбиені қатар алып жүрген жандардың еңбегі – осы жолдағы үлкен үлес. Себебі, рухани бай, дәстүрін құрметтейтін, үлкеннің батасын қадірлейтін ұрпақ қана елдің еңсесін биік етеді.

Previous Post

Түлкібаста экология мен көшпелі мәдениет үйлесім тапқан ірі жоба іске асады

Next Post

Терроризм – діннің емес, қылмыстың көрінісі

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

        E-mail:gazetakentau@mail.ru
Қабылдау бөлімі: тел:+7 776 666 5218

Сайт әкімшілігі материалды көшіріп басу кезінде kentauinfo.kz сайтына тікелей гиперсілтеме көрсетуді талап етеді

Біз әлеуметтік желіде

No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Cаясат
  • Қоғам
  • Билік

Кентау газеті gazeta-kentau.kz