Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында балық шаруашылығын дамыту мәселесіне ерекше тоқталып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бұл саланың маңызы зор екенін атап өткен болатын. Осы тапсырмаға сәйкес балық шаруашылығын дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, республика бойынша 270 мың тонна балық өсіру жоспары бекітілді.
Түркістан облысында да бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Үкімет бекіткен қаулыға сәйкес, 2030 жылға дейін өңірде тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу көзделсе, 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті 9 123 тоннаға арттыру жоспарланып отыр. Аталған межелер балық шаруашылығы саласын кешенді дамытуға, өңірдің азық-түлік әлеуетін арттыруға және әлеуметтік-экономикалық өсімге серпін беруге бағытталған.
Балық шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар қаржылай қолдау тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, облыстық бюджеттен 2026 жылға акваөсіру саласын субсидиялау үшін 500 миллион теңге қаражат бөлінген. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен аквашаруашылық саласындағы инвестициялық салымдар бойынша шығындардың бір бөлігін өтеуге 144 миллион теңге қарастырылған. Бұл қолдау шаралары салаға инвестиция тартуға, кәсіпкерлердің өндірістік шығындарын азайтуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беруде.
Осындай ауқымды бастамалардың нәтижесінде Төлеби ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Соның бірі – «FISH HOUSE» ЖШС жүзеге асырып отырған ірі инвестициялық жоба. Жуырда аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов кәсіпорынға арнайы барып, өндірістік жұмыстармен танысты.
Киелітас ауылдық округінде орналасқан нысанды аралау барысында аудан басшысы балық шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, саланың экономикалық әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жобалар аудан экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және азық-түлік өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Аталған жобаның жалпы инвестициялық құны 500 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 450 тонна балық өсіруге жетеді. Жоба аясында 25 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған.
Қазіргі таңда серіктестік сазан шабағы мен бекіре тұқымдас балықтарды өсірумен айналысуда. Шаруашылықта балықтарды өсірудің заманауи технологиялары енгізіліп, арнайы тоғандар мен су айналымы жүйелері пайдаланылуда. Бұл өз кезегінде өндіріс сапасын арттырып, өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сапар барысында жеке кәсіпкер Нұртас Шағыров шаруашылықтың алдағы жоспарлары жөнінде баяндады. Оның айтуынша, кәсіпорында сазан балығын уылдырық арқылы көбейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, арнайы тоғандарда бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге басымдық берілген. Бекіре балығын өсіру үшін таза су мен тұрақты бақылау толық қамтамасыз етілген.
Мамандардың айтуынша, балық шаруашылығын дамыту тек азық-түлік өндірісін арттырып қана қоймай, өңірдің экспорттық әлеуетін көтеруге де жол ашады. Әсіресе табиғи ресурстарды тиімді пайдалану арқылы экологиялық таза өнім өндіруге мүмкіндік мол.
Төлеби ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар өңір экономикасын дамытуға, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға тың серпін беріп отыр. Мемлекеттік қолдау мен инвестициялық жобалардың нәтижесінде балық шаруашылығы алдағы жылдары ауданның жетекші салаларының біріне айналады деп күтілуде.



