Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыру – ел экономикасының басты басымдықтарының бірі екенін үнемі атап келеді. Әсіресе, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және азаматтардың өз кәсібін бастауына қолдау көрсету бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың маңызы зор.
Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай қолдау шаралары көптеген азаматтардың кәсіп бастауына жол ашып, олардың өз ісін дамытуына мүмкіндік беруде. Соның айқын дәлелі – Ордабасы ауданына қарасты Шұбар ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Медетбекова Дилфуза.
Кейіпкеріміз 2025 жылы қайтарымсыз мемлекеттік грант иегері атанып, фастфуд өндірісі бағытында жеке кәсібін бастаған. Алғашқы қаржылай қолдаудың арқасында қажетті құрал-жабдықтарын алып, кәсібін жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік алды.
Қазіргі таңда кәсіпкер ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді өнім ұсынып келеді. Оның дайындайтын өнімдері жергілікті халық арасында сұранысқа ие болып, шағын кәсіп тұрақты табыс көзіне айналған. Сонымен қатар бұл бастама ауыл ішінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына да оң ықпалын тигізуде.
Кәсіп иесінің айтуынша, мемлекет ұсынған гранттық қолдау – өз ісін бастауға ниетті азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Осындай қолдаудың арқасында ол кәсібін кеңейтіп, алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр.
– Мемлекеттік грант маған үлкен серпін берді. Көптен бері ойда жүрген кәсібімді бастауға мүмкіндік туды. Қазір тұрақты тұтынушыларымыз бар. Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі дамытсам деген жоспарым бар, – дейді кәсіпкер.
Қорыта айтқанда, мұндай игі бастамалар мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көрсетіп қана қоймай, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыра түсуде. Бұл өз кезегінде ауыл экономикасының дамуына, халықтың табысын арттыруға және әлеуметтік жағдайдың жақсаруына оң әсерін тигізіп келеді.



